Биыл төрт жылда бір жалауын көтеретін дүбірлі дода - Париж-2024 жазғы паралимпиада ойындары өтеді. Пара таеквондодан ел намысын үш спортшы қорғамақ, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Кешегі Әміренің әні қалықтаған Парижде, әнұранымыз шырқалмақ. Оны пара спортшылардың аяқ алысынан, оқу-жаттығу жиындарынан байқадық.
Жақында Парижде паралимпиада ойындары өтеді. Токиоға қарағанда қазіргі дайындықтарымыз әлдеқайда ілгері. Төрт жыл ішінде біздің деңгейіміз, тәжірибеміз, күресте қолданатын әдіс-тәсілдеріміз өсті. Ол кезде бізде электрондық жүйе болған жоқ. Соған қарамастан бұрынғы олқылықтың орнын толтырып, дайындықты күшейтіп жатырмыз. Қазіргі таңда алтын алу үшін қолдан келгенше тырысып жатырмын. Елге жүлдесіз қайтпаймын деген сенімдемін, – деп Досмалова Камиля әңгіме барысында жеңістен дәмелі екенін жасырмады.
"Үмітсіз шайтан" деген. Осы тұста халықтың үкілеген үмітін арқалап үлкен додада бақ сынағалы жатқан бүгінгінің тағы бір батырын әңгімеге тартқан едік.
Он жылдан бері пара таеквондомен айналысып келемін. Мені өзіне ерекше қимылдарымен баурап алды. Ең алғаш рет 2016 жылы Польшада өткен Еуропа чемпионатында жеңіске жеттім. Сол күннен кейін спорттағы еңбек жолым басталды. Содан бері біраз жыл өтіпті. Енді алда көптен күткен Паралимпиада. Оған лицензианы Дүниежүзілік рейтинг бойынша алдым. Бұған дейін Токио Паралимпиадасына да қатыстым. Бірақ өкінішке қарай біз күткендей нәтиже болмады. Бәріміз білеміз, ол уақытта карантиннің кезі болатын. Мүмкін соның да әсері шығар, аздап әлсіздік таныттық, – деді Нұрлан Домбаев.
Пара таеквондодан үздік үштікті толықтыратын Нышан Елубайұлы да өткен жекпе-жектерін қуана еске алды.
Мені бұл спортқа баулыған алғашқы бапкерім Ернұр Серікбайұлы. Осы кісінің жасаған жаттығуларын, аяқпен жасаған шапшаң қимылдарын көріп қызығушылығым оянды. Ол кезде 11-12 жаста болдым. Араға жылдар салып, 2014 жылы Қазақстандағы тұңғыш Әлем чемпионы атандым. Осыдан төрт жыл бұрынғы паралимпиадаға 18 күн бойы Алматыда тұрақтап, оқу-жаттығу жиынын өткізген болатынбыз. Содан бірден Токиоға ұшып кеттік. Байқағаныңыздай бәрі асығыс, дайындығымыз аз болды. Биыл енді толлыққанды дайындық өтуде, наурыз айында елордаға келіп алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Дегенмен, бәскелестік жоғары. Бұл жарысқа үздіктер ғана қатысады. Сондықтан "ең мықты қарсыласым мынау" деп ешкімді айта алмаймын. Әр спортшы жеңіс туының желбірегенін қалайды. Менің де кеудемде сондай мақсат тұр, - деді ол.
Осылайша шығыстың шымыр қимылын меңгерген ұлттық құрама мүшелері Паралимпиада ойындарына дайын екендерін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық спортшылар Паралимпиада-2020 ойындарын бес медальмен аяқтаған еді. Олардың 1-і алтын, 3-еуі күміс, 1-і қола медаль. Жалпы командалық есепте қазақстандық спортшылар 51-орынға табан тіреген. Осылайша ұлттық құрама өз тарихындағы ең жақсы нәтижені көрсеткен болатын.