Париж олимпиадасының нәтижесі бойынша алқа отырысы өтті

28 Тамыз 2024, 12:39
452
Бөлісу:
Париж олимпиадасының нәтижесі бойынша алқа отырысы өтті
Фото: Арман Мухатов

Парижде өткен XXXIII жазғы олимпиада ойындарының нәтижесі бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Отырысқа Президент Әкімшілігінің, Үкімет аппаратының, депутаттық корпустың өкілдері, сала ардагерлері, Олимпиада жүлдегерлері, бапкерлер, өңірлік басқармалар мен федерациялардың басшылары қатысты

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев алқа отырысын Олимпиада қорытындасымен бастады.

Париж олимпиадасының нәтижесі бойынша алқа отырысы өтті

Біздің спортшылар Олимпиадаға 25 спорт түрінен қатысты. Соның бесеуінен медаль алды. Жалпы 87 мемлекет Парижде жүлдеге ие болды. Қазақстан командалық есепте 43-ші орынға тұрақтады. Елдос Сметов дзюдо бойынша Қазақстаннан шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы атанды. Нариман Құрбанов тарихи медаль жеңіп алды. Ол – ел тарихында спорттық гимнастикадан жүлде алған тұңғыш спортшы. Нысана көздеуден Ислам Сәтпаев пен Александра Ле қола жүлдегер атанды. Аталған спорт түрінен 1996 жылғы Атланта Олимпиадасынан кейін алғаш рет медаль алдық,- деді Ермек Маржықпаев.

Оның айтуынша, жекелеген спорт түрлері бойынша нәтижені жақсарту керек.

Париж олимпиадасының нәтижесі бойынша алқа отырысы өтті

Жекелеген спорт түрлері бойынша нәтижені жақсарту керек. Біз үшін дәстүрлі саналатын спорт түрлері бар. Солардан дайындық төмен, нәтиже нашар болып шықты. Былтыр Ханчжоуда Азия ойындары өтті. Азиадаға қатысқан спортшылардың 80 пайызы биыл Парижге барды. Ал Ханчжоудан ұлттық құраманың қандай нәтижемен келгені бәрімізге белгілі. Тарихтағы ең нашар Азиада болды. Соған қарамастан аз уақыт қалса да, жағдай жасадық. Бірақ Париждегі нәтижені өздеріңіз біліп отырсыздар,-деді ол.

Ермек Маржықпаев олимпиадаға қатысқан спорт түрлерінің федерация басшылары мен жауапты тұлғалардан алдағы атқарылатын жұмыстарды сұрады. Еркін күрес командасы қола медаль алуға уәде бергенін атап өтті. Алайда спортшылар ширек финалға өте алмай, бірінші айналымнан шығып қалған еді.

Париж олимпиадасының нәтижесі бойынша алқа отырысы өтті

Тарихта алғаш рет әйелдер күресінен спортшылар Ойындарға қатысқан жоқ. Бұрын бізде дәстүрлі түрде жақсы позициялар болған, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы