Парашютпен оқу-жаттығу кезінде курсант қаза тапты – Ақтөбеде әскери қызметкерлер сотталды

Қорғаныс министрлігі қайтыс болған сарбаздың отбасына 20 млн өтемақы төлейді.

 pexels.com Бүгiн 2026, 00:10
Бүгiн 2026, 00:10
127
Фото: pexels.com

Ақтөбеде парашютпен секіру кезінде 18 жастағы курсанттың қаза болуына қатысты іс бойынша үкім шығарылды. Ашық сот отырысы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының жеке құрамы қатысқан көрсетілім форматында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2026 жылғы 10 сәуірде КТК телеарнасының хабарлауынша, майор Нұржан Айденов тексеру желісінде курсантты қолмен ашылатын парашютпен секіруге жіберген, алайда ереже бойынша мәжбүрлі түрде ашылатын парашют қолданылуы тиіс болған.

Бірнеше минуттан кейін шамамен 800 метр биіктікте парашют істен шыққан. 2006 жылы туған курсант оқиға орнында қаза тапты. Сот майор Айденов пен кіші сержант Заманбек Төлегенді қызметке салғырт қарау бабы бойынша кінәлі деп таныды.

Олар тиісінше төрт жарым және бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігіне қаза тапқан курсанттың отбасына өтемақы төлеу міндеттелді.

Жәбірленуші Сарбаевтың Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап-арызы ішінара қанағаттандырылып, 20 миллион теңге көлемінде өндірілсін, – деді Ақтөбе гарнизоны әскери сотының судьясы Айдана Мамбетқазиева.

Қайғылы оқиға өткен жылдың 15 шілдесінде «Айбын» әуежайында болған. Сол кезде Әуе қорғанысы күштері әскери институтының басшылығы қаза тапқан курсанттың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, оларға барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеген.

Наверх