Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу мақсатында облыс көлемінде 505 мыңнан астам адамды қамтыған 2 537 іс-шара ұйымдастырылды, деп мәлімдеді облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметі.
Соның ішінде 529-ы – түсіндіру жұмыстары, 1908-і – білім беру ұйымдарындағы бірыңғай сағаттар. Бүгінде облыс бойынша көрсетілген мемлекеттік қызметтердің электронды түрдегі үлесі 88%-ды құрап отыр. Алайда, өткізіліп жатқан шараларға қарамастан, азаматтар арасында пара ұсыну деректері әлі де кездесуде. Мәселен, 2019 жылдың 9 айында лауазымды тұлғаларға пара беру фактісі бойынша 7 қылмыстық іс тіркеліп, оның 5-і сотқа жолданған.
Аталған қылмыстық істер бойынша бүгінгі күні сот үкімімен 3 тұлғаға қатысты айыптау жазалары қолданылды. Бұл туралы баспасөз өкілдеріне берген брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғанижан Асанұлы мәлімдеді.
«Жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі Қылмыстық кодекске сәйкес, 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Сондай-ақ, жемқорлық фактілері туралы 1424 колл орталыққа хабарлауға болады. Мемлекеттік мекемеден қызмет алғаны үшін, қызметшіге пара бермеу керектігін әрбір азамат өзі шешу керек. Ал, қызмет беруші қызметі үшін пара талап етсе, ол жағдайда Агенттіктің 1424 колл орталығына хабарлау керек. Халық заңды айналып өтіп, оңай жол іздеп, қызметшіге пара ұсынбау керек», – деді Ғанижан Асанұлы.
Бұдан басқа, пара алу деректері тек халықтың пара ұсынуы арқылы іске асырылатынын жеткізіп, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету – тікелей азаматтардың өзіне байланысты екендігін жеткізді.
Сонымен қатар, бүгінгі күні жүйелі түрде Департамент тарапынан облыста орналасқан мемлекеттік мекемелерде түсіндіру жұмыстары, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау және тексеру жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда кейбір азамат Департамент қызметкерлеріне жинап береміз деген сылтаумен мекеменің қызметкерлерінен ақша жинайтындығына тоқталып өтті. Сондай-ақ, брифинг барысында облыстағы барлық мемлекеттік орган қамтылған #ПАРА БЕРМЕ» челленджінің киелі өңірде бастау алғандығын айтып, #ПАРА БЕРМЕ» челленджіне барша азаматтарды белсенді түрде қатысуға шақырды.