ШҚО-да пәндік олимпиада жеңімпазына ЖОО ректорының гранты берілмек

4 Мамыр 2019, 08:35
4006
Бөлісу:
ШҚО-да пәндік олимпиада жеңімпазына ЖОО ректорының гранты берілмек
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскемен қаласында Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Туған жер. Туған ел. Туған глобал» облыстық пән олимпиадасының қорытынды кезеңі басталды.

«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында өткізіліп отырған шараны Шығыс Қазақстан облысының Білім басқармасы, «Дарын» ғылыми-практикалық орталығымен және С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетімен бірлесе отырып ұйымдастырды.

ШҚО-да пәндік олимпиада жеңімпазына ЖОО ректорының гранты берілмек

«Дарынды оқушыларды анықтау, дамыту және қолдау, оларды өлкетану біліміне баулу, туған өлкенің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге ынталандыру арқылы бойларында патриотизмді қалыптастыру мақсатында өткізілген шараға биыл облыстың аудан, қалаларынан 260 бала қатысып отыр. Осы жылы бұл олимпиада осымен екінші рет өткізілуде. Өткен жылы оған 250 бала қатысқан болатын. Бүгінгі шара – соңғы кезең. Қатысып отырған 6-11 сынып аралығындағы оқушылардың барлығы осыған дейін мектептердегі, аудан, қалалардағы пәндік олимпиадалардан іріктеліп шыққандар», - деді облыстық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы директорының міндетін атқарушы Гауһар Рахымжанова.

Оның айтуынша, олимпиада «Әдебиет», «География» және «Қазақстан тарихы» пәндері бойынша кешенді олимпиада (тестілеу), «Тарих білгірлері» викторинасы және «Ұлы даланың жеті қыры: археологиялық объектілер мен артефактілер» квесті – Шығыс Қазақстан аумағында орналасқан археологиялық объектілер мен артефактілерді білудің командалық ойын-жарысы сияқты үш номинация бойынша өткізілмек.

«Олимпиада қорытындысы бойынша командалар «Ұлы даланың жеті қыры: археологиялық нысандар және артефактілер» атты квест номинациясы бойынша дипломдармен марапатталады. Жеке есепте кешенді олимпиада және викторина номинациялары бойынша марапаттау жүргізіліп, кешенді олимпиада және «Тарих білгірлері» викторинасында жоғары балл жинаған қатысушыға «Тарих» мамандығы бойынша 2019-2020 оқу жылына С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректорының гранты беріледі», - деп қосты Гауһар Болатбекқызы.

ШҚО-да пәндік олимпиада жеңімпазына ЖОО ректорының гранты берілмек

Бұл жолғы олимпиадаға «Қазақстан тарихы» пәні бойынша бағын сынауға келген Өскемен қаласындағы Білім-инновациялық лицейінің 11-сынып оқушысы Марғұлан Құрманов университет ректорының грантынан үміт күтетінін жасырмады.

«Бүгінгі олимпиадаға «Қазақстан тарихы» пәні бойынша келіп отырмын, сонымен қатар «География» және «Әдебиет» пәндерін де сүйіп оқитындықтан олардан да үмітім жоқ емес. Бұл олимпиаданың бізге берері көп. Ең үлкен үміт С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректорының гранты болып отыр. Осыған дейін де «Тарих» пәні бойынша бірнеше олимпиадаларға қатысып келгенмін», - деді ол.

ШҚО-да пәндік олимпиада жеңімпазына ЖОО ректорының гранты берілмек

Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Қаламқас Имашева аталған олимпиаданың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бағытында жүргізіліп отырғанын айтады.

«Жалпы, бұл пәндік олимпиада Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты бағдарламаларын танып білуімізге, өзіміз білетін білімді өзгелерге беру жағынан таптырмайтын алаң болып саналады», - деп қосты Қаламқас Имашева.


Өзгелердің жаңалығы