Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі халықаралық әуежай пандемия салдарынан шығынға белшеден батты. Шектеу шаралары кезінде әуе вокзалы қызмет көрсететін рейстердің саны 12-ге төмендеп кетті.
Қазіргі уақытта жергілікті әуежай арқылы ұшақ қатынасы небары екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Сондықтан, шығындарын өтеуге қауқарсыз.
Әуежайдың басқарма төрағасы Ескнедір Жандәулетовтың хабарлауынша, нысан былтырдан бері шығынға батып келеді.
Былтырғы жылы шығын көлемі 20 миллион теңге болды. Ал биылғы жылы 150 миллион теңгеге жетті. Бұл жағдай жұмысымызды қиындатып жатыр. Жалпы, біз соңғы төрт жыл бойы экономикалық дағдарысқа ұшырап келеміз, - дейді Ескендір Жандәулетов.
Мамандардың айтуынша, әуежай қызмет етугі әзір болғанмен, жаңғыртуды талап етеді. Бүгінгі таңда нысанның ұшып-қону жолағы жөндеуді қажет етеді. Бұл мәселені шешуге жауапты мемлекеттік мекемелер атсалысуда. Бірақ, нәтижесі шамалы.
Әуежайды дамытуды жоспарлап жатырмыз. Дегенмен, пандемия салдарынан дегеніміз іске аспай қалды. Жоспар шеңберінде ішкі рейтер ашып, өңірді Батыс және Оңтүстік облыстармен байланыстырғымыз келді. Жаңғырту жұмыстарына инвесторлар қажет. Іздестіріп жатырмыз, - дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Диана Мұқанова.
Айта кетейік, стратегиялық нысан былтырғы жылы облыстық әкімдіктің балансына өтті. Десе де, жағдай өзгере қойған жоқ.
Еске салак етейік, павлодарлық әуежайда 250 маман еңбек етеді. Мекеме тәулігіне 200 мың адамды өткізуге қабілеті бар. Бірақ, бүгінгі таңда қуаттылығы толыққанды қолданылмай келеді.