Пандемия ел экономикасының алдына жаңа міндеттер қойды

23 Сәуір 2021, 17:14
1714
Бөлісу:
Пандемия ел экономикасының алдына жаңа міндеттер қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Экономика саласының бүгінгі сыны мен өзгерісі» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы барысында Ұлттық экономика министрінің бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтты.

Оның айтуынша, жаһандық локдаун Қазақстан үшін де үлкен сынақ болды. Экономика және өзге де салалар жаңа жағдайда өмір сүруге бейімделді.

Елде 15 млрд доллар көлеміндегі сомаға антикризистік шаралардың үш пакеті жүзеге асырылды. Ол бизнес пен халықты әлеуметтік қолдау, елдің әлеуметтік экономикалық тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етуге бағытталды. Осының нәтижесінде экономикалық құлдыраудың алдын алынды. Әлемдік несиелік агенттіктер елдің экономикалық рейтингтеріне оң бағасын берді, - деді ол.

Оның айтуынша, пандемия экономика саласында ғана емес, жалпы қоғамда жаңа трендтерді қалыптастырды. Цифрлық даму алдыңғы қатарға шықты. Сонымен қатар жұмыссыздық, өндірістің төмендеуі халықты әлеуметтік қорғау мәселесі жіті назар аудартуда. Осы жағдайлар ел экономикасының алдына да жаңа бағдар жасау міндетін қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанның 2025 жылға дейінгі дамуының Ұлттық жоспары жасалды. Ол құжатта ел экономкасының жаңа параметрлері қалыптастырылған. Оның қатарында экономиканы диверсификациялау арқылы құрылымын өзгерту, инвестиция тартуды таргеттеу, экспортты дамыту, жеке кәсіпкерлікті қолдау шаралары бар. Отандық тауар өндірушілерді ынталандыру сыртқы шоктардың әсерін азайтады. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы саласында көптеген шара атқарылмақ. Стратегиялық инвесторлармен бірлесіп ет, сүт, жеміс, қант, майлы дақылдарды өңдеу мен қайта өңдеуді жүзеге асыратын жеті экожүйе құратын боламыз. Үкімет суармалы жерлердің көлемін кеңейту бағытында да жұмыс атқарады, - деп атап өтті ол.

Тимур Жақсылықов сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту бағытында атқарылатын жоспарлар жайында сөз қозғады. 

Өз сөзінде ол Қазақстан пандемия салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан, ұлттық экономиканы оңалту бағытындағы жұмыстарда әлемдік трендеттерге бейімделуді басшылыққа алатынын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы