Пәкістанда көмір шахтасы опырылып, тоғыз кенші қаза тапты

Шахта иесі Құрбан Жогезайдың айтуынша, апатқа метан газының жарылысы себеп болған.

 depositphotos.com 31 Шілде 2026, 03:41
31 Шілде 2026, 03:41
129
Фото: depositphotos.com

Пәкістанның Кветта қаласына қарасты Соранж ауданындағы көмір шахтасының опырылуы салдарынан тоғыз жұмысшы қаза тапты. Бұл туралы Geo арнасы елдің Табиғи апаттарды басқару жөніндегі провинциялық басқармасына сілтеме жасап хабарлады.

Шахта иесі Құрбан Жогезайдың айтуынша, апатқа метан газының жарылысы себеп болған. Оқиға кезінде шахтада 42 жұмысшы еңбек еткен. Қаза тапқан кеншілердің барлығы Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы Шангла ауданынан келгені айтылды.

Оқиға орнында құтқару жұмыстары жүргізіліп, үйінді астынан тоғыз адамның денесі шығарылды.

Сол күні Белуджистан провинциясының Харнай ауданындағы тағы бір көмір шахтасында да қайғылы оқиға болды. Алдын ала мәлімет бойынша, кенші жұмыс барысында үстіне үлкен тас құлап, оқиға орнында көз жұмған. Оның денесі қажетті сараптама жүргізу үшін жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді.

Белуджистан мен Синд провинцияларындағы көмір шахталарында қауіпсіздік талаптарының сақталмауы мен еңбек жағдайының нашарлығына байланысты мұндай апаттар жиі тіркеледі.

Наверх