Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Өзін әлеуметтік әлсіз етіп көрсететіндер көбейді: Оларға жаза бар

Олжас АДАЙ
Бүгiн, 17:14
565
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ коллажы
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда "әлеуметтік масылдық" ұғымы қоғамдық талқылауларда жиі айтылғанымен, ол заңнамалық деңгейде бекітілмеген. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек департаменті BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында айтты.

Ведомство сөзінше, әлеуметтік масылдық – құқықтық термин емес, психологиялық және әлеуметтік құбылыс ретінде қарастырылады.

"Әлеуметтік масылдық" деген ұғым заңнамалық түрде бекітілмеген. Әлеуметтік масылдық бұл адамның немесе адамдар тобының мемлекеттен немесе басқа адамдардан материалдық көмек пен қолдауға үйреніп, өзін өзі қамтамасыз етуге ниетсіз немесе мүмкіндігі жоқ психологиялық және әлеуметтік феномені. Бұл инфантильді көзқарастар мен сыртқы табыс көздеріне тәуелділікті қалыптастырады, сонымен қатар адамдар мемлекеттен әлеуметтік-экономикалық кепілдіктерді күтеді, бірақ оларды өздерінің еңбек өнімділігімен тікелей байланысты деп есептемейді, – делінген министрліктің жауабында.

Ведомство әлеуметтік масылдық мәселесі ресми мәлімдемелер мен қоғамдық дискурста жиі көтерілетінін айтады. Алайда бұл ұғымды көзқарас, мінез-құлық немесе әлеуметтік төлемдерге саналы түрде тәуелділік ретінде сипаттайтын нақты әрі толық статистикалық деректер әзірге жоқ.

Әлеуметтік масылдық мәселесі қоғамдық талқылауларда және ресми мәлімдемелерде жиі көтеріліп жүр, алайда "масылдық" ұғымының өзін көзқарас, мінез-құлық немесе әлеуметтік төлемдерге саналы түрде тәуелді адамдардың үлесі ретінде сипаттайтын нақты, толық статистикалық деректер әзірге жеткіліксіз, – деп көрсетілген жауапта.

2019 жылғы АӘК тәжірибесі қайта қаралды

Министрлік 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) әрбір балаға тұрақты төлем ретінде енгізу теріс салдарға әкелгенін де жасырмайды.

2019 жылы атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) әрбір балаға белгіленген тұрақты төлем түрінде енгізу тәжірибесі теріс нәтиже көрсетіп, атап айтқанда, жалған ажырасулардың көбеюіне, алимент мөлшерінің азаюына, ата-аналық міндеттерді орындаудан жалтаруға, жұмысқа орналасудан бас тартуға, аз қамтылған және әлеуметтік қолайсыз отбасылар санының артуына және басқа да жағымсыз құбылыстарға әкеп соқтырды, – дейді департамент баспасөз қызметі.

Ресми дерекке сәйкес, 2019 жылы АӘК-ті 468 мың отбасының құрамындағы 2 млн 177 мың адам алған.

Әлеуметтік төлем алушылар саны едәуір қысқарды

Кейінгі жылдары әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру аясында АӘК тағайындау тетіктері қайта қаралып, мұқтаждықты анықтау критерийлері күшейтілді. Табыс пен мүлік туралы мәліметтердің дұрыстығына бақылау арттырылып, алушыларды жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар қабылданды.

Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 2025 жылы алушылар саны 54,4 мың отбасының құрамындағы 292,7 мың адамға дейін төмендеді, – деп хабарлады министрлік.

Министрлік АӘК көрсету бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе енгізілгенін, онда табыс, мүлік және отбасы құрамы туралы деректер жинақталатынын мәлімдеді. Бұл жүйе шешімдерді автоматты түрде тексеруге және объективті қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар учаскелік комиссияларға арналған мобильдік қосымша іске қосылған.

Бұл мұқтаждықты анықтау дәлдігін арттырып, көмекті заңсыз алу жағдайларын болдырмауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде 71,5 мың отбасы АӘК алушылар қатарынан шығарылып, шамамен 1,5 млрд теңге көлемінде қаражат үнемделді, – делінген ресми жауапта.

Министрліктің мәліметінше, цифрландыру мен жаңа тәсілдердің арқасында шамамен 44 млрд теңге басқа әлеуметтік маңызы бар қажеттіліктерге қайта бөлінген.

Жалған мұқтаждық анықталған жағдайда әлеуметтік көмекті алушыларға да, оны тағайындауға жауапты мамандарға да әкімшілік және құқықтық шаралар қолданылады:

1. Жалған деректер негізінде алынған қаражатты, алушы бюджетке қайтаруға міндетті;
2. Төлемді уақытша тоқтату немесе тоқтату;
3. Әкімшілік жауапкершілік. Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексіне сәйкес айыппұлдар қолданылады;
4. Азаматтық-құқықтық жауапкершілік. Егер көмек заңсыз алынған және ерікті түрде қайтарылмаған болса, келтірілген шығынды өтеу талап етіледі;
5. Қылмыстық жауапкершілік (ірі көлемдегі жағдайларда). Әлеуметтік төлемдермен саналы түрде алаяқтық жасағаны дәлелденген жағдайда қолданылады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, әлеуметтік көмек "сүзгіден" өтетінін және соның аясында қандай төлемдер қысқаратыны туралы жаздық. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек департаменті BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мемлекеттік қолдауды атаулы әрі әділ көрсетуге бағытталған жаңа тәсілдер әзірленіп жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ АӘК пен жұмыссыздық жәрдемақысы бойынша кімге қандай көмек берілетінін жаздық.

Өзгелердің жаңалығы