«Қазақстанның фермерлері қауымдастығының» басшысы Жигули Дайрабаев еліміздің ауыл шаруашылығындағы олқылықтар туралы айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Мәселе Президенттің тапсырмасымен әзірленіп жатқан ауылды мекендерді дамыту тұжырымдамасында. Ауыл шаруашылығы мен ауыл түсініктерін ажыратуға болмайды. Ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешіп алмай, агро саланы мүлде дамыта алмаймыз. Соңғы жылдары аудан, ауыл әкімдерінен - ауыл шаруашылығы саласын дамыту, жергілікті жерлердегі фермерлердің алдағы жоспарларын сараптау, төрт-түлік мал басы мен егістік алқаптарды көбейту талап етілмейді. Жергілікті атқарушы биліктің атқарған жылдық қорытындысына ауыл шаруашылығы көрсеткіштері негізге алынбайды. Кез келген көрсеткіші өткен жылмен салыстырмалы түрде өсіммен беріліп, өз өзімізді жұбатумен келеміз, - деді Жигули Дайрабаев.
Фермерлер басшысының айтуынша, кәсіп иесіне арнайы сараптама жүргізу қажет.
Ауылды аймақтарды дамыту тұжырымдамамызда ауылдық округке қарасты әрбір шаруашылықтың материалдық жағдайы, оның негізгі қоры, алдағы жоспарлары, тұрған жерінің табиғи сипаттамасы жер көлемі мен құнарлығы және шаруашылық иесінің іскерлік қабілеті нақтыланып, саралануы керек. Сол сараптама бойынша шаруашылықты дамытуға іс-шаралар белгіленіп, қанша мал өсіру немесе оның егін егу мүмкіндіктерін нақтылап, бағыт-бағдар беру қажет. Егер талапқа сай келмесе басқа кәсіппен айналысуға кеңес берген орынды, - деді Дайрабаев Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.