Әли Бектаев асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Малшылар қауымы өздерінің асыл тұқымды малын өсірудің орнына шетелден мал мен тұқым материалын импорттап отыр. Сенатор Әли Бектаев өзінің депутаттық сауалында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту проблемаларын көтерді.
Депутаттың айтуынша, Еуропаның дамыған елдерінен, Аустралия мен Канададан асыл тұқымды көптеген мал әкелінді. Тек 2010-2023 жылдардың өзінде алыс-жақын шет мемлекеттерден 212 мың бас мал импорттан келді. Асыл тұқымды малдың үлесі 2010 жылғы 2,9%-дан, былтырғы жылы 13,5%-ға дейін өсті. Бірақ, бұл саладағы көрсеткіштер көңілден шықпайды.
Асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын 35,8 мың шаруашылық жұмыстарының нәтижесі төмен. Біз өзіміздегі малды асылдандырудың орнына шеттен мал әкеліп, тұқымдық материалды импорттауға құмармыз. Қазіргі уақытта инвестициялық жобалар аясында 50 мыңнан астам ірі қараны импорттау жоспарлануда. Бұдан басқа, 160 мың бас сиырға арналған 500 мың дозадан астам тұқымдық материал сатып алынбақ, - деді Әли Бектаев.
Сенатор Қазақстанда 10 жыл бұрын селекциялық және мал асылдандыру жұмыстарының бірегей ақпараттық-сараптама базасы жасалғаны туралы атап өтті. Ол бойынша малды тіркеуге алғаннан бастап оларға асыл тұқымды құндылық мәртебесін бергенге дейінгі жұмыстар цифрландырылуы керек еді. Дамыған елдерде ақпараттық жүйелер аналитикалық база ретінде жұмыс істейді және саланы дамытатын серппе болып табылады, ал бізде олар тек субсидиялау мақсатында малды тіркеу қызметін ғана атқарып келеді.
Қазақстанда ауыл шаруашылығы малының биологиялық алуантүрлілігінің азаюы ерекше алаңдаушылық туғызады, өйткені мал саласындағы генетикалық ресурстар ұлттық игілік және әлемнің биологиялық капиталының құрамдас бөлігі. Соңғы 30 жыл ішінде Қазақстанда қой шаруашылығындағы «Қазақтың солтүстік мериносы», құс шаруашылығындағы «Арман», «Медеу», «Алатау» тұқымдары біржола жойылып кетті. Жартылай биязы жүнді қойлардың «Цигай», «Ақжайық», «Қаракөл», «Қазақтың оңтүстік мериносы» тұқымдары мен ірі қара малының «Алатау» «Әулиеата» тұқымдары, «Қостанай» жылқы тұқымы жойылу алдында тұр.
Депутат осыған байланысты ғылыми негізде селекциялық-мал асылдандыру шараларының ақпараттық базасының жұмысына талдау жүргізуді ұсынды. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді зерделеу және халықаралық тәжірибе негізінде жануарлардың асыл тұқымды қасиеттерін бағалаудың заманауи әдістерін әзірлеу маңызды. Ауруларды анықтау бойынша молекулярлық-генетикалық зерттеулерден өтпеген асыл тұқымды материалды пайдалануға тыйым салу және жойылып кету қаупі төнген тұқымдарды сақтау жөніндегі шараларды қолға алу керек.