Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада «Мемлекет басшысының жолдауын жүзеге асырудағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлін арттыру» атты сарапшылар қауымдастығының диалогтық отырысы өтті.
Отырысқа төрағалық еткен ҚР ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есиннің айтуынша, ең өзекті деген мәселелер бойынша тек белгілі бір аудиториялармен ғана емес, бүкіл Қазақстан халқымен диалог құру керек.
«Өздеріңіз білесіздер, 2 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Бұл жолдау заманға сай, азаматтық қоғамның сұраныстарына жауап беретін стратегиялық бағыттарды айқындайтын маңызды құжат. Яғни, ол ел азаматтарының әл-ауқатын арттырумен байланысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Елбасының кемел саясатының арқасында Қазақстанда әлеуметтік мемлекеттің берік негізі қаланды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасы саясатын жалғастыра отырып, қазақстандықтарды тиісті әлеуметтік қажеттіліктермен қамтамасыз ететін жаңа бастамаларды жариялады. Жолдауда қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты терең талдау жасаған және оны орындау бойынша нақты міндеттер қойылып отыр. Мемлекет басшысы ең өзекті деген мәселелер бойынша тек белгілі бір аудиториялармен ғана емес, бүкіл Қазақстан халқымен диалог құру керектігін айтты», - деді ҚР ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин.
Оның айтуынша, билік халықтың үніне құлақ түріп, мәселелерін тыңдап, шешуге тырысу қажет.
«Халықтың үнін естіп, пікіріне құлақ түру атқарушы биліктің міндеті. Мемлекет басшысының жарлығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Ол үш бағытта жұмыс жүріп жатыр. Ол саяси, әлеуметтік және экономикалық жаңғыру. Бұл дегеніміз - белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажеттілікке айналды. Осы ретте өздеріңізбен бірлесіп азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдасын қабылдауымыз керек», - деді вице-министр.