Өзбекстанның Шыршық қаласында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филиалы ашылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы аталған жоғары оқу орнының ресми өкілі Жандар Асан Facebook парақшасында жазды.
Филиалдың ашылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің өзара келіссөздерінің қорытындылары негізіндегі уағдаластық бойынша және Auezov University 80 жылдығына орай жүзеге асырылып отыр.
Мемлекет басшыларының келіссөздерінің нәтижесі бойынша арнайы Жол картасы әзірленіп, тиісті жұмыстар қолға алынды. Оған сәйкес қос мемлекеттің ведомстволық министрліктері деңгейінде Өзбекстанның Шыршық қаласында Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ-дың филиалын ашу турасында үшжақты келісімге қол қойылды.
Auezov University аталған филиалда 18 білім беру бағдарламасы бойынша студенттер оқытуды жүзеге асырмақ. Атап айтқанда, Экономика, Құқықтану, Халықаралық қатынастар, Биотехнология, Экология, Ақпараттық жүйелер, Автоматтандыру және басқару, Машина жасау, Көлік, көліктік техника және технологиялар, Электроэнергетика, Биорганикалық заттардың химиялық технологиясы, Органикалық заттардың химиялық технологиясы, Мұнайгаз ісі, Металлургия, Тамақ қауіпсіздігі және инженерия, Тоқыма материалдарының технологиясы мен жобалануы, Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрастырылымындарын өндіру, Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі мамандықтары бойынша білім алмақ.
Шыршық – Өзбекстанның өнеркәсібі өркендеген қаласының бірі. Өңірде машина жасау металл өңдеу және химия өнеркәсібі салалары қарқынды дамыған. Осындай тенденцияларды ескере отырып, Auezov University өңірге қажетті білім беру бағдарламалары бойынша кадрлар даярлауды қолға алмақ, – деп атап өтті М.Әуезов атындағы ОҚУ Басқарма төрағасы – Ректор Дария Қожамжарова.