Бұл туралы Астанада өтіп жатқан ІІ Орталық Азия медиа форумында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өзбекстанда ел аумағында көрсетілетін шетелдік телеарналар тізіміне Әзербайжан, Қазақстан, Түрікменстан және Түркия телеарналары енгізілді. Алайда трансляцияны ұйымдастыруда әлі де жұмыс атқару қажет деп есептейміз, - деді Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы Ақпарат және қоғамдық коммуникациялар агенттігінің директоры Асаджон Ходжаев.
Ол "Орталық Азия ынтымақтастығы" ұйымына мүше елдердің ұлттық арналарын бір-бірінің эфирлік желісіне енгізу тәжірибесін жолға қою қажет екенін атап өтті. Бұл мәдени-гуманитарлық байланысты кеңейтіп, халықтар арасындағы диалог арналарын ашуға, ортақ мәдениетті бірлесе дамытуға серпін беретінін айтты.
Сондықтан Асаджон Ходжаев Қазақстанның ортақ ақпарат алаң құру ұсынысын Өзбекстан тарапы қолдайтынын жеткізді.
Сондықтан біз Қазақстан Республикасының ұсынысын қолдаймыз. “Жібек жолы”, халықаралық Silk Way телеарнасы базасында барлық мемлекеттердің мүддесіне қызмет ететін және ортақ ақпараттық алаңымыз болатын арнаға айналуына қолдау білдіреміз. Біз осы арнаның жұмысына белсенді түрде қатысуға дайынбыз, - деді ол.