Күйеуінен адамның иммунтапшылық вирусын (АИТВ) жұқтырған кейіпкер BAQ.KZ тілшісіне сұхбат берді.
Айдана (ред. – аты өзгертілген) Қазақстанда АИТВ, ЖИТС-пен ауыратындарға дәрі тегін берілетініне шүкір ететінін айтты. Себебі 1 айға жететін дәрінің бағасы 60 мың теңгеден асатын көрінеді.
Ол жағынан біздің мемлекетке риза боламын. Басқа елдерде қалай болып жатқанын естіп жатырмыз. Бізде дәріні тегін беретініне және нашар сападағысын емес, жақсысын беретініне Құдайға шүкір, - деді кейіпкер.
Айдана көрші Өзбекстанда АИТВ жұқтырғандарға қатысты жағдай қиын екенін жеткізді.
Өзбекстанда ол жағынан өте қиын. Өзбекстанда дәрі аз және АИТВ-ны қабылдамайды деп естідім. Бірақ вирус жұққан адамдар өте көп дейді. Дәріні ішпей, сенбей, қайтыс болатын жағдайға дейін жетіп жатыр, - деді ол.
Кейіпкер Ресейді де мысалға алды. Айтуынша, Қазақстанда АИТВ жұқтырған науқастар күніне сапасы жоғары 1 дәрі ішсе, Ресейде оның орнына арзанырақ 4-5 дәрі беріледі.
Мысалы, Ресейде бір күнге 4-5 дәрі береді. Бізде бұрын солай болатын. Олар арзанырақ деп саналады. Тегін алатын дәрілер сондай және ол бәріне жетпеуі мүмкін. Ресей үлкен болған соң кейде сондай тапшылық болады деп естідім. Біздің ішіп жатқан дәрілерді олар көрген кезде "Күшті ғой, 1-2-ақ дәрі ішесіңдер" деп таңғалады. Оларға берілетін дәрілердің кері әсері де көп. Шаш түседі, тістер босайды. Ал біздің дәрілер жақсы деп саналады, - деді Айдана.
Ол Ресейдегі науқастар жақсы сападағы дәрі ішкісі келсе, сатып алатынын айтты.
Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден көре аласыздар.