Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тауда жоғалып кеткен туристерді іздестіруге Өзбекстан ТЖМ құтқарушылары тартылды. Олар Өзбекстан жағынан Өгем өзенінің арнасын бойлай Чарвак су қоймасына құятын жерге дейінгі шекара аумағын тексеруде. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
Сайрам-Өгем шатқалында жоғалып кеткен екі туристті іздеу жұмыстары жалғасуда. Таулы рельефтердің болуы және өзендердің қатты ағысы іздеу жұмыстарын жүргізуде қиындық туғызуда.
Бүгінгі күнге дейін іздеу жұмыстары ұзындығы 350 шақырымнан асатын тау шатқалдары бойымен жүргізілді. Пилотсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, шамамен 170 шақырым аумақ зерттелді.
«Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтарымен аэровизуальды барлау жасалды. Жалпы 2 мыңнан астам шақырым жер әуеден тексерілді.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД, ПД, жергілікті атқарушы органдардан, ҰҚК Шекара қызметінен, ІІМ Ұлттық гвардиясынан, Ұлттық парктен, Альпинизм федерациясынан 218 адам, 32 бірлік техника, 3 пилотсыз ұшу аппараты, ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ 2 тікұшағы және туыстары жұмылдырылды, - деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.