Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстандағы Өзбекстан елшісі Саидикрам Ниязходжаев Өзбекстан елшілігі өткізген брифингте айтты.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев конституцияға енген өзгерістерді референдум арқылы қабылдауды ұсынды. Халық конституцияның негізгі көзі мен кепілдігі болып есептеледі. Конституцияға енетін өзгерістер жарияланды. Азаматтардың еркін өз пікірлерін білдіруге барлық жағдай жасалғанына қарамастан, бөлек күштер Өзбекстандағы тұрақтылыққа әсер еткісі келді. Диструктивті топатар әлеуметтік желілерді пайдаланып, мақсатты түрде президенттің саясатына күмән келтіріп, ұлтаралық қақтығысты қоздырғысы келді, - деді Ниязходжаев.
Елші атағандай, 1-2 шілдеде Нүкіс қаласында бір топ өкіл көшеге шығып, заңсыз әрекеттері нәтижесінде тәртіпсіздік орнатты.
Өкінішке қарай, халық пен құқық қорғау қызметкерлері арасында құрбандар бар. Жаппай тәртіпсіздік барысында ауруханаға 243 азамат жүгінді. Олардың 149 азаматқа алғашқы көмек көрсетілді. Олар үйінде емделуді жалғастырып жатыр. Қазір ауруханада 94 адам емделіп жатыр. Олардың ішінде жағдайы ауырлары да бар. Жәбірленушілердің арасында құқық қорғау органдарының қызметкерлері де бар,- деді Ниязходжаев.
Айта кетейік, 25 маусымда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Өзбекстан конституциясына референдум арқылы өзгерістер енгізуді ұсынды. Өзбекстан Конституциясына енгізілген түзетулерде Қарақалпақстанның егемендік мәртебесін және оның республика құрамынан шығу құқығын алып тастау ұсынылған. Бұл өзгерістерге Қарақалпақстан халқы наразы болып шілденің басында Нүкіс қаласында жаппай наразылық ұйымдастрыды.
Осы оқиғалардан кейін Шавкат Мирзиеев Қарақалпақстан тұрғындарының пікірін ескере отырып, Өзбекстан Республикасы конституциясының 70, 71, 72, 74, 75-баптарын өзгеріссіз қалдыратынын айтты.