Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы іскерлік ынтымақтастық жоғары деңгейде. Бұл туралы Қазақстан-Өзбекстан іскерлік кеңесінің 6-шы отырысында Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өндіріс қуатын арттыратын бірлескен кәсіпорындар маңызды рөл атқарады. Өзбекстанда қазақстандық капиталға құрылған 1043 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Құрылған кәсіпорындар саны бойынша Қазақстан да серіктес елдердің алғашқы үштігіне кіреді. Бұл көрсеткіштер біздің елдеріміздің бизнес саласындағы тығыз ынтымақтастығын растайды, - деді дипломат.
Былтыр Қазақстан мен Өзбекстан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығының қызметін реттеу туралы» үкіметаралық келісімге қол қойды. Атамқұлов келісімнің мақсатын түсіндірді.
Мұнда өнеркәсіптік кооперация орталығы жаңа өндірістерді, жұмыс орындарын құруды, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдерін өңдеуді ынталандырады. Сондай-ақ жүктерді одан әрі тасымалдау үшін логистикалық қызмет көрсетеді, - деді Атамқұлов.
Дипломаттың айтуынша, екі елдің іскер кәсіпкерлері бір-бірімен тәжірибе алмасуы керек.
Мәселен, қазақстандық бизнес өкілдері Өзбекстанның тігін өнеркәсібіндегі тәжірибесіне назар аударуы керек. Мен өзім облыстарды аралап, мақта-тоқыма кластерлерін көрдім. Күрделілігіне Қазақстанға бұл тәжірибе қажет. Өз кезегінде біз де ірі алтын өндіруді және зергерлік өнеркәсібін бірге дамытуымыз керек. Өзбекстанда зергерлік бұйымдар шығаратын орталықтар қазірдің өзінде бар. Онда өндіріс көлемін 1 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл жерде бірлесе белсендірек жұмыс істеу керек. Өзбекстанда басқа салалар да дамып, қазақстандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып жатқанын айта кеткен жөн, - деді елші.