Еңбекмині 2022 жылғы 19 қыркүйектен бастап business.enbek.kz порталында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант алуға 4 лек бойынша өтінімдер қабылдау басталатынын хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекеттік грант – нысаналы мақсаты жаңа бизнесті іске қосу және дамыту болып табылатын өтеусіз берілген бастапқы капитал.
Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 225 200 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қатысушы бөлінген ақшаны жаңа кәсіп ашуға және дамытуға, яғни қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, жануарлар немесе құстар және т.б. сатып алуға жұмсай алады.
Өтінім беру үшін не істе қажет:
– порталда тіркелу;
– грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
– бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
– өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.
Грант алу үшін бірқатар шартты сақтау қажет.
Сонымен қатар бұл қолдауды халықтың белгілі бір санаттары ала алады. Олар:
- мүгедектігі бар адамдар;
- аз қамтылған отбасы мүшелері;
- көпбалалы отбасы мүшесі;
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам;
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;
- жастар;
- қандастар мен өңіраралық қоныс аударушылар.
Үміткер ресми түрде жұмыссыз немесе жеке кәсіпкер не болмаса өзін-өзі жұмыспен қамтыған болуы және «Бастау Бизнес» курсынан өткені туралы сертификаты болуы тиіс. Оқытудан skills.enbek.kz порталында өтуге болады.