Ойын бизнесін заңсыз ашқандар сотталды

15 Ақпан 2021, 23:39
1422
Бөлісу:
Ойын бизнесін заңсыз ашқандар сотталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ:. Қызылордада заңсыз ойынға қатысты үш істің ақырғы нүктесін сот үкімі қойды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған заңсыздықтарды 2020 жылдың қазан-қараша айларында Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері анықтап, тергеу барысында қылмыстары толық дәлелденген болатын.

Қызылорда қаласының 36 және 24 жастағы екі тұрғыны өткен жылдың жазында ойын кеңселерін ашқан. Яғни, ғимараттарды жалға алып,  біріншісі 6, екіншісі 15 компьютерге ғаламтор желісі арқылы ақшалай бәс тігу жолымен ойналатын интернет-казино құмар ойындарын іске қосқан. Компьютерлер жадында сақталған бірнеше бағдарламалар мен төлем жүйесіне сілтемелерді криминалист маман қорытындысы анықтаған - делінген хабарламада.

Сонымен бірге, Шиелі ауданы Шиелі кентінде 1987 жылы туған, отбасылы  азамат та  дәл осындай мақсатта интернет-казино ашқан.

Қызылорда қалалық №2 соты және Шиелі аудандық соты үш азаматты да ҚР ҚК 307-бабы 1-б. сәйкес кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Қылмыс орнынан алынған 25 компьютер процессоры, 29 монитор, 3 модем және 35520 теңге ақша мемлекет пайдасына алынды - делінген ақпаратта.
Өзгелердің жаңалығы