Ақтөбенің халқы Самара-Шымкент тас жолының бір бөлігі тездетіп жөнделгенін қалайды. Алайда қайта жаңарту жұмыстары қашан басталатыны белгісіз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жеңіс Бектұрсын Әйтеке би ауданы мен Ақтөбе қаласы арасына адам тасиды. Үш жылдан бері жолаушылар тасып, нәпақасын тауып отырған такси жүргізушісі Самара-Шымкент тас жолының Ақтөбе-Қарабұтақ учаскесі әбден тозғанын айтады.
Қарабұтақтан Ақтөбеге дейін жүретін жүк көлігі көп. Екі сағаттық жерге қазір үш сағаттай жүріп барамыз. Жолдың сапасы сын көтермейді, шұрқ-тесік, ой-шұңқыры көп. Кешкі мезгілде шықсаң, тіпті, қалаға жетіп болмайсың. Биыл автокөлік жолының осы екі учаскесін қайта салады дегенді естіген едік. Алайда ешқандай өзгеріс жоқ. Бәрінен бұрын көлігімізге обал, ай сайын бір бөлшегі ауыстырылады. Көлігің тұрса, табыс жоқ. Тездетіп Ақтөбе мен Қарабұтақтың арасындағы жолды жөндеп берсе екен, — дейді Жеңіс Бектұрсын.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Айбол Данағұлдың айтуынша, Самара-Шымкент тас жолының Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын учаскесін биыл қайта жаңарту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, мердігер ұйым анықталған. Жер жұмыстарын бастау үшін топырақ карьерлерін ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Бұл жобада барлығы 7 учаске бар. Оның жалпы ұзындығы — 262 шақырым. Жол төсеу жұмыстары әлі басталмады. Қазір қайта жаңартуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Конкурс қорытындысы бойынша мердігер ұйым – «Сине Мидас Строй» серіктестігі анықталды. Аталған жол учаскелері 2024-2028 жылдары аралығында қайта салынады. Биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 8,0 миллиард теңге қарастырылды, — дейді А.Данағұл.