Oxford Qazaq Dictionary сөздігі таныстырылды

19 Желтоқсан 2023, 18:00
762
Бөлісу:
Oxford Qazaq Dictionary сөздігі таныстырылды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Астанада халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы әзірлеген Тұңғыш Oxford Qazaq Dictionary сөздігінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Іс-шараға NU президентінің міндетін атқарушы Илесанми Адесида, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Парламент мәжілісінің депутаты Иса Қазыбек, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич, және “Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы” қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы қатысты. Тұнғыш Oxford Qazaq Dictionary негізінде қазақ тілі Oxford Global Languages платформасына қосылады. 

Бұл қазақ тілінің әлемдегі ең танымал әрі ең беделді сөздік желісіне енуін, ғаламдық лингвистикалық ортаға қосылуын білдіреді. Цифрлік дәуірде тілдің болашағы қандай болады? Министрліктің жеті жылдық үлкен тұжырымдамасы бойынша, оның бір үлкен бағыты – тілдің цифрлық әлемде сақталуын жүйелеу. Өйткені қазіргі таңда тілдің сақталуының кепілі әлемде цифрлік, виртуалдық платформаларда толыққанды жүйелі түрде кодификациядан өткен бір тіл корпус ретінде қамтамасыз етіледі. Осы сөздік әлемнің ірі де, іргелі 100 тілінің лексикалық қорын өзара байланыстырып, ортақ ғаламдық тіл корпусының бір бөлігі болу маңызды жетістік деп санаймыз, - деді Саясат Нұрбек. 

Сөздік құрастыру аясында қазақ және ағылшын тілі лексикасындағы өзгерістер, әсіресе, қазіргі мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы мен сауда саласындағы жаңалықтар ескерілді. 

Сондай-ақ, сөздікте ағылшын және қазақ тілдерінің грамматикасы мен дыбыстау, емле ережелері түсіндірілетін қысқаша нұсқаулықтар, қазақ тіліндегі іскерлік және электронды хат-хабар жазу үлгілері берілді. NUдың атқарушы президенті Илесанми Адесида бұл шараның NU-да өтуі университет үшін өте маңызды деп атап өтті. 

Бұл сөздік қарапайым сөздер жиынтығы емес, ол қазақ тілін сақтаудың және оны дүние жүзіне таратудың ірге тасы. Тұсаукесердің қазақ мұрасын насихаттауға үлкен мән беретін, Назарбаев Университетінде өтуі біз үшін ерекше маңызды. Университетімізде Қазақ тілі оқутышыларының халықаралық қауымдастығын құрған мықты Қазақ тілі және түркітану кафедрасы жұмыс істейді. Кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы күн сайын практикалық қазақ тілін дамытуға, тіл мен әдебиет, қазақ мәдениеті саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының кеңеюіне өз үлесін қосуда, - деді NU президент міндетін атқарушы Илесанми Адесида. 

Әлемге әйгілі Оксфорд университетінің баспасынан ресми рұқсат алынып, Oxford English Dictionary әдістемесі мен технологиясына сәйкес әзірленген сөздікті басып шығаруда 50-ден астам тәжірибелі лингвист мамандар төрт жыл үздіксіз еңбек етті. Жалпы көлемі 1300 беттік тұңғыш қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша Oxford сөздігі 60 мың сөзден тұрады. Сөздік 10 000 дана таралыммен басылды.

Оксфорд университетінің баспасы өздерін дүниежүзіндегі ең сенімді сөздік құрастырушы баспа ретінде таныстырады. Олар өздеріне және әріптестерінің жұмысына жоғары талап қояды. Сондықтан бізге өте ауқымды деңгейде жұмыс жүргізу қажет болды. Сөздікті толықтай құрастырған соң оны сараптамаға жібердік. Oxford University Press баспасы екітілді Oxford Qazaq Dictionary сөздігін шығаруға ресми рұқсатын берді. Сөздікті әзірлеуде дүние жүзіне танымал Oxford English Dictionary сөздігін құрастыру әдістемесі мен технологиясын негізге алдық, - деді “Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы” қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы. 

Сөздіктің 50 данасы NU-дың кітапханасына берілді. Тұсаукесер аясында бірқатар білім, ғылым және мәдениет қызметкерлері қазақ тілін дамыту мен насихаттауға қосқан үлесі үшін ведомстволық награда – «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен марапатталды.

Өзгелердің жаңалығы