Отыз екі жасында – алты баланың анасы

8 Наурыз 2023, 10:15
6411
Бөлісу:
Отыз екі жасында – алты баланың анасы
Фото: автордан

Мерекелік кейіпкеріміз Балмира Қалыбаева Қызылорда облысы Қазалы ауданының Жанкент ауылдық округінде тұрады. Жасы – отыз үште. Жұбайы Нұрлыбек екеуі бүгінде алты бала тәрбиелеп отыр, - деп хабарлады Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Он алты жасында тұрмысқа шыққан Балмираның аналық сезімін алғаш рет Ақтоты оятқан еді. Ізінше ол інілі-сіңлілі болды. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген рас нәрсе. Әр бала бұл отбасыға шат-шадыман күй сыйлап, үй ішін қуанышқа кенелтті. 

Бауыр болғанымен бұлардың мінезі, қызығушылығы әртүрлі. Тұңғышым тұйық, бірақ сабақты жақсы оқиды. Жазуға әуес. Екінші қызым Шаттық пысық, алғыр, адам жатырқамайды. Кәусар көркемсөзге, Ұлдай домбыраға жақын. Нұртілегім денсаулығына байланысты ерекше балалар қатарында. Соған қарамастан қиялы жүйрік, көп білгісі келеді. Кенжеміз Төребек бір жастан енді асты, әзір тәтті қылықтарымен сүйсінтіп жүр, - дейді кейіпкеріміз. 

Ақтоты мен Шаттық – облыс орталығындағы жеке мектептің шәкірттері. Бірінің арманы – ұстаздық қызмет. Ал сіңлісі дәрігер болуды армандайды.

Жеңешем сияқты ақ халат киіп, адамдарға көмегімді тигізгім келеді. Соның ішінде ең бірінші анам мен әкемді емдеймін. Өйткені олар бізді бағып-қағамын деп көп күш жұмсады. Ата-анамыздың алдында мәңгілік қарыздармыз, - дейді Шаттық. 

Балалардың оқудағы, өнердегі жетістіктері – олар оқитын білім ордасының да, ата-әжесі мен әке-шешесінің де мақтанышы. 

Балмира келін болып ақ босаға аттаған соң сегіз жыл ата-енесімен бірге тұрды. Сол уақытта тәрбие мектебінен өтті деуге болады. Өйткені бір үйдің еркесіне өзге шаңыраққа топ ете қалу, тәртібіне көндігу оңай емес. 

Көп шаруаның қыр-сырын енемнен үйрендім. Әуелгіде небір қызық жағдайлар болды. Ол кезде күйдірілген шекер сәнде еді ғой. Бір күні бес келі қантты қазанға солайымен салып жібердім. «Қолынан келмейді» демесін деп, намысқа тырысқан түрім. Қазанның асты күйіп, қораз кәмпитке айналып шыға келді. Соны тастауға қимай үш жыл өзім жегенмін, - дейді Балмира күліп. 

Осындай келіндік өмір мектебінен өткен күміс алқа иегері бүгінде күйеуі мен балаларының бабын жасап отыр. 

Өзгелердің жаңалығы