Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тұңғыш президент күніне орай Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында өтпелі галерея ашылды.
Өтпе жол Т1 және Т2 (халықаралық және ішкі ұшулар) терминалдарын қосады. Галереяның жалпы алаңы 1000 ш.м., ұзындығы 90 метр. Жаңа өтпелі галерея әуежай жолаушыларына далаға шықпай-ақ, бір терминалдан екінші терминалға өтуіне мүмкіндік береді. Елорданың әуе қақпасы – тәулігіне 200-ге жуық рейсті қабылдап, шығарып салады, әрі 14 мың жолаушыға қызмет көрсетеді. Оның ішінде рейстері сәйкес келген транзитті жолаушылар да бүгінге дейін бір терминалдан екінші терминалға өту үшін далаға шығуларына тура келген еді. Қысты күні аяз бен боран соғатын, жазды күні жаңбыр жауып, жел соғатын. Елорданың суық табиғатын ескере отырып, жабық өтпе жол арқылы екі терминалды қосу жөнінде шешім қабылдадық, - дейді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының басқарма төрағасы Радильбек Адимолда.
Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары кезінде келушілердің жайлылығына қажет барлық талап ескерілді. Өтпе жол барлық керекті инфрақұрылыммен жабдықталған, әрі орталық ағындық және инженерлік жүйелерге қосылды.
Ол дегеніміз, қысқы маусымда – жылы, жазғы маусымда – салқын болып тұрады. Бұдан өзге, еден астынан жылу беріліп, желдету жүйесі іске қосылған. Галереяда әуежайдың және технологиялық процестерге қатысатын ұйым қызметкерлеріне арналған бөлек қызметтік дәліз бар, - деп атап өтті Халықаралық әуежайдың басшысы.
Қазіргі уақытта, нысан ішіне арнайы белгілер орнатылып, күтіп алушылар мен шығарып салушылар үшін жайлы орындықтар қойылған.
Айта кетейік, биылғы жыл соңына дейін, өтпе жолға вендингтік аппараттар, төлем терминалдары мен банкоматтар орнату жоспарланған.