Өткір мәселелерге жауапкершілікпен үн қата білуіміз керек – Ерлан Қошанов

20 Сәуір 2023, 10:28
895
Бөлісу:
Өткір мәселелерге жауапкершілікпен үн қата білуіміз керек – Ерлан Қошанов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Күн тәртібіндегі өткір мәселелерге дер кезінде сауатты, ең бастысы асқан жауапкершілікпен үн қата білуіміз керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында палата спикері Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Оған өздеріңіз де қатыстыңыздар. Бұл – елдегі саяси өзгерістерден кейін болған ең ауқымды кеңес. Кеңейтілген отырысқа алғаш рет парламенттік фракциялары мен комитет жетекшілері, облыстық және аудандық мәслихаттың төрағалары қатысты. Жиында Президент әлеуметтік-экономикалық саладағы мақсат-міндеттерді жан-жақты айқындап берді. Халқымыз қолға алынған рефомаларды зор үміт артып отырғанын, нақты іс-шараларға басымдық беру қажетін баса айтты, - деді Мәжіліс спикері.

Қошанов атап өткендей, елдегі оң өзгерістердің түпкі мақсаты мен мәні - азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл іске депутаттар да белсене ат салысуға тиіс.

Біріншіден, реформаларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету – біздің тікелей міндетіміз. Ол заңдар заман талабына, қоғам сұранысына сай, әрі сапалы болуы қажет. Екіншіден, Парламентте, мәслихаттарда, ең алдымен, сайлаушылардың мүддесі ескеріліп, қорғалуы керек. Үшіншіден, атқарушы билікпен конструктивті диалог орнатып, барлық түйткілді мәселені ашық талқылап, жедел шешуді тәжірибеге, дәстүрге айналдыру қажет, - деп түсіндірді Ерлан Қошанов жалпы отырыста.

Сөзінше, бұл билік тармақтарының үйлесімді жұмыс істеуіне жол ашады.

Алдымызда зор міндеттер тұр. Айналып келгенде депутаттардың нағыз кәсібилігі енді көрінеді. Ол үшін біз Үкіметтен ғана күтіп отырмай, қажет заңнамалық өзгерістерге өзіміз қорғаушы, бастамашы болуымыз қажет. Күн тәртібіндегі өткір мәселелерге дер кезінде сауатты, ең бастысы асқан жауапкершілікпен үн қата білуіміз керек. Сайлаушылар және қоғаммен күнделікті, үздіксіз, тығыз жұмыс істеуге тиіспіз. Оған біздің тәжірибеміз де, мүмкіндігіміз де жеткілікті, - деді ол.

Қошанов әріптестеріне алға қойған мақсат-міндеттерді табысты іске асыру үшін бар күш-жігерді салуға шақырды.

Халық та, Мемлекет басшысы да бізден осыны күтіп отыр, - деп сөзін түйіндеді Мәжіліс төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы