Өткен жылы 360 лауазымды қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды

10 Ақпан 2021, 12:26
1623
Бөлісу:
Өткен жылы 360 лауазымды қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Анар Жайылғанова ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің алқа отырысы барысында айтты.

Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы сақтау және әдептілік құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді қоса алғанда, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама мен Әдеп кодексінің сақталуына бақылау жасау – агенттіктің ерекше бақылауында. Атап айтқанда, өткен жылы 743 тексеру өткізіліп, 15 мыңнан астам құқықбұзушылыққа жол бергені үшін 360 лауазымды адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, 190 әкімшілік іс қозғалды. Оның нәтижесі бойынша 188 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бюджетке 8,6 миллионнан астам теңге аударылды, - деді ол.

Агенттік төрағасының сөзінше, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін орталық мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің мәртебесі мүдделер қақтығысына жол бермей, әдеп жөніндегі кеңестер механизмін толық пайдалануға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметкерлер арасында бұзушылықтардың алдын алу мақсатында әдеп жөніндегі кеңестің 174 отырысы өтті. Онда 1071 мәселе қаралды. Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынысы бойынша 371 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 200 мемлекеттік қызметші Әдеп кодексін бұзған. Әдеп жөніндегі кеңестер мемлекеттік органдардың басшыларын әдеп құқықбұзушылықтарын жасағаны, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіргені, сондай-ақ, мүдделер қақтығысының алдын алу бойынша шаралар қабылдамағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселелерін қарайды. Мысалы, БАҚ мониторингілеу барысында Ақмола облысы, Ерейментау ауданының әкімі әуе апатынан қаза болған адамдарға байланысты жалпыұлттық аза тұту кезеңінде жаңажылдық кеш өткізгені туралы бейнематериал анықталды. Ауданның жергілікті атқарушы органдары жарияланымдардағы көрсетілген фактілерді жоққа шығарып, Әдеп жөніндегі уәкілге жалған түсініктемелер беріп, сонымен қатар, істің нақты жағдайын жасыру бойынша әрекет еткенін атап көрсетеміз. Алайда, агенттіктің департаменті араласуынан кейін ғана аталған факті дәлелденді, - деді ол.

Анар Жайылғанованың айтуынша, мұндай жағдайда жауапкершілікке тарту мәселесінде әкімдіктердің жеке мүддесіне орай таңдаушылық үдерісі қалыптасуы мүмкін. Бұл тиісінше, белгілі бір адамдар тобын жауапкершіліктен босатуға әкеп соқтырады. Осылайша, бұл құқықбұзушылыққа төзбеушілік принципін елемеуге алып келеді.

Өзгелердің жаңалығы