Өткен аптада 1,5 млрд теңгенің дәрісін жеткізіп бердік – Берік Шәріп

7 Шілде 2020, 18:27
1762
Бөлісу:
Өткен аптада 1,5 млрд теңгенің дәрісін жеткізіп бердік – Берік Шәріп

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "СҚ-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Берік Шәріп өткен аптада дәріханалар мен медициналық мекемелерге 1,5 млрд теңгенің дәрісін жеткізіп бергендерін айтты.

Біздің бірыңғай дистрибьютор қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты бүкіл медициналық мекемелерге дәрі-дәрмекті жеткізумен айналысып жатыр. Кепілдендірілмеген медициналық көмек және міндетті сақтандыру жүйесі арқылы дәрі-дәрмекті жеткіземіз. Соның ішінде 1385 атау біздің тізімге енгізілген. 15 маусымда қабылданған клиникалық хаттамаға байланысты 121 дәрі-дәрмек коронавирусты емдеуге арналған. Оның 102-сі бірыңғай дистрибьютор тізімінде. Жылдың басынан бері коронавирус індетіне қабылданатын дәрі-дәрмек медициналық мекемелердің ұсынысымен 7,4 млрд теңгеге жеткізілді. Қазір жағдайды көріп отырмыз, коронавирус індеті өршіп, науқастар көбейіп жатыр. Сондықтан жеткізетін дәрілердің саны да артты, - дейді Берік Шәріп.

Ол соңғы екі аптада дәріханалар мен медициналық мекемекелерге қанша ақшаға дәрі-дәрмек жеткізілгенін айтты.

Мысалы, осыдан екі апта бұрын 974 млн теңгеге дәрі жеткізсек, өткен аптада 1,5 млрд теңгенің дәрісін алдық. Сонымен қатар, қазіргі кезде коронавирус індетін емдеуге арналған 2,1 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі бар. Медициналық мекемелерден қосымша ұсыныстар түсіп жатыр. Дәрі-дәрмекті тез арада жеткізуге дайынбыз, - дейді "СҚ-Фармация" басшысы.

Өзгелердің жаңалығы