Павлодар облысында жыл басынан бері отбасылық зорлық-зомбылық қылмыстары 71,4%-ға артты. Биыл 108 жағдай тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мамандар көрсеткіштердің артуын отбасылық тұрмыстық саладағы қылмыстар бойынша жауапкершіліктің қатаңдатылуымен байланыстырады. Өйткені бірқатар бап әкімшілік құқықбұзушылықтан қылмыстық жауапкершілік ретінде өзгертілген.
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Азамат Күркебаевтың айтуынша, облыста отбасылық зорлық-зомбылық тәуекелдерін бағалаудың инновациялық механизмі сынақтан өткізіліп, пилоттық жоба іске қосылды.
Жоба аясында арнайы құралдар әзірленді. Мәселен, отбасылық жанжал құрбандарының санатын нақты диагностикалау және профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыру үшін тәуекелдерді бағалау парақшалары құрастырылды. Парақшада 16 сұрақ болса, олардың 11-і агрессордан зардап шеккеннен нақтырақ мәлімет алуға бағытталған. Сұрақтарды психолог мамандар бекіткен. Бұл механизм арқылы отбасындағы моральді климатты анықтауға болады. Жоба жүзеге асырыла басталғалы зардап шеккендер арасында 4500-ден астам сауалнама жүргізілді. Зорлық-зомбылық деңгейі жоғары 56 отбасы анықталды. Сегіз азаматша дағдарыс орталықтарына орналастырылды. Олардың барлығына психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетілді, - дейді Азамат Күркебаев.
102 қызметіне түсетін қоңырауларды сұрыптау механизмі енгізілді. Жаңа механизм бойынша отбасылық жанжалдарға байланысты шақыртулар шұғыл санатқа жатқызылып, учаскелік инспекторлар бірден оқиға орнына жетеді. Қызметкерлер мекенжайға жеті минуттың ішінде жетуі тиіс.