Отбасылардың әлеуметтік-психологиялық мәселелері жөнінде дөңгелек үстел өтті

23 Сәуір 2024, 17:57
1923
Бөлісу:
Отбасылардың әлеуметтік-психологиялық мәселелері жөнінде дөңгелек үстел өтті
Фото: Қазақстандық қоғамдық даму институты

Бүгін Қазақстандық қоғамдық даму институтында «Заманауи отбасылардың әлеуметтік-психологиялық мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шараның басты қонағы – түркиялық профессор, медицина ғылымдарының докторы, Üsküdar университетінің негізін қалаушы-ректоры Невзат Тархан. Одан бөлек, жиынға Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, отбасы саясаты және гендерлік саясат саласының сарапшылары, психологтар мен әлеуметтанушылар қатысты.

Дөңгелек үстел барысында отбасы институтын нығайту және қорғау, отбасылардың рухани, адамгершілік және материалдық жағынан дамуына қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелелері талқыланды.

Отбасылардың әлеуметтік-психологиялық мәселелері жөнінде дөңгелек үстел өтті

Алдымен, Невзат Тархан Түркия мемлекетіндегі отбасы құндылықтарының өзгерісін әлемдік көрсеткіштермен салыстыра отырып, статистикалық деректерге тоқталды. Спикердің айтуынша, кейінгі жылдары әлемде некелесетіндердің саны азайып, керісінше ажырасу үлесі артқан. 

Отбасылардың әлеуметтік-психологиялық мәселелері жөнінде дөңгелек үстел өтті

Мұндай үрдістердің белең алуы қоғамдық сананың өзгеруіне тікелей байланысты. Жылдар өткен сайын отбасыларда дәріптелетін кейбір құндылықтардың маңызы төмендей бастайды. Бұл тенденцияны 3 ұрпақты мысалға келтіріп түсіндіруге болады. Яғни, X ұрпағы топтық өмір салтын қолдайтын болса, Z ұрпағы жеке тұлға ретінде дамуды әлдеқайда жоғары қояды. Ал Y ұрпағы алдыңғы екеуінің ортасы болғандықтан, көрсеткіштерді теңдей бөлген, - деді профессор.

Отбасылардың әлеуметтік-психологиялық мәселелері жөнінде дөңгелек үстел өтті

Невзат Тархан отбасы құндылығының өзгерісін мемлекеттің жалпы ішкі өнімі көлемімен байланыстырды. Өйткені отбасы – негізгі әлеуметтік институт ретінде елдің әл-ауқаты мен тұрақтылығына тікелей әсер етеді.

Сонымен қатар жиын барысында отбасы институтының әлсіреуіне себеп болатын бірнеше фактор аталды. Соның бірі – функциялардың алмасуы.

Отбасы - мәдениетті, әдет ғұрып пен салт-дәстүрді ұрпақтан ұрпаққа жалғастырушы институт ретінде де маңызды. Бірақ қазір бұл функцияны отбасы емес, телевизия атқарып отыр. Бұл да қоғам нормаларының өзгерісіне әкеледі,- деді Невзат Тархан.

Отбасылардың әлеуметтік-психологиялық мәселелері жөнінде дөңгелек үстел өтті

Талқылау соңында қатысушылар өзара сұрақ қойып, пікір алмасты. Отбасы институтын нығайту және осы саладағы өзекті мәселелерді оңтайлы шешу жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

Айта кетейік, шара отбасы, гендер және демография саясаты саласындағы ұйымдар мен сарапшылардың ынтымақтастығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

 

Өзгелердің жаңалығы