Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне «Берік отбасы – мемлекет тірегі» мерекелік іс-шарасы өтті. Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығында» өткен жиында АХАЖ қызметкерлері шымкенттік бес жас отбасына неке куәліктерін табыстады.
Іс-шара барысында Жастар ресурстық орталығының басшысы – Нұрдаулет Тәңірбергенов арнайы баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінгі жиынның мақсаты - «Отбасы күні» мерекесінің идеологиялық маңызын насихаттау, жаңадан отау құрған жас отбасыларды Отанның бір бөлшегі екендігін ұғындыра отырып, отбасылық құндылықтар мен ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу. Әрбір отбасының мемлекет тірегі екенін ескере отырып, өскелең ұрпақты инабаттылыққа, татулыққа, сыйластыққа, адамгершілікке тәрбиелеу. Жас отбасылардың үлкенді үлгі, кішіні мақтан етіп, отбасының бірлігін сақтап, ата-ана алдындағы қарызын өтеуге, қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттау болып отыр екен.
"Мемлекеттің іргетасы - берік отбасы, үлгілі шаңырақтан басталады. Берік отбасыда өнегелі тәрбие алған азаматтар ғана туған жерін, Отанын жанынан артық көріп, қорғауға даяр болмақ" - деді Нұрдәулет Тәңірбергенов.
Сондай-ақ, жиында айтыскер ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері - Біржан Байтуов отбасы құндылығы тақырыбында өз ойын ортаға салды.
"Отбасы құндылығын сақтау, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғау – ел келешегінің кемелдігін аңғартады. Кез-келген ұлт өзінің діні, ділі мен салт-дәстүрін дәріптеумен құнды",-деді ол.
Мерекелік іс-шарада АХАЖ қызметкерлері таяуда шаңырақ көтерген 5 жас отбасына неке куәлігін табыстады. Осылайша, Әбдіхалық Есіркеп-Гауһар Қолдас, Бекзат Түлкібаев – Назокат Рахматуллаева, Бақытжан Бейсембаев – Фарида Әлмаханбет, Азамат Амангелдиев – Аяулым Амангелдиева, Елмырза Исаев – Салтанат Батырбек жұптары «Отбасы күнінде» неке куәлігін алды.
Қала тұрғындары, жастар өкілдері және осы күні заңды некеге тұрған жас жұбайлар қатысқан іс-шараны Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы бірлесіп ұйымдастырыпты. Мерекелік іс-шарасы концерттік бағдарламаға ұласты.