Кәсіпкер көпбалалы отбасыларға 105 пәтер тұрғызып берген – Вице-премьер

6 Мамыр 2019, 12:51
2123
Бөлісу:
Кәсіпкер көпбалалы отбасыларға 105 пәтер тұрғызып берген – Вице-премьер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» атты жаңа әлеуметтік іс-шаралар жұмысын түсіндіруге байланысты аймақтарды аралағанын айтты.

«Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» атты жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру бойынша аймақтарды араладық. Бердібек Сапарбаев, Елжан Біртанов, Күләш Шәмшидинова бастаған Үкімет мүшелерімен бірге 12 наурыздан 4 мамырға дейін еліміздің барлық өңіріне жолымыз түсті. Жалпы саны 263 кездесу өткізіп қайттық. Оның ішінде 157 елдімекенде болып, 269 адам жеке қабылдауымызда болды. Одан бөлек, тұрмысы төмен 72 отбасының үйіне бардық. Осы аралықта 27 мың адамды қамтыған кездесу өткіздік», - дейді Гүлшара Әбдіқалықова.

Үкімет басшысының орынбасарының айтуынша, кездесуде негізінен көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар тұрғын үй, атаулы әлеуметтік төлем, жұмысқа орналасу мәселелерін көтерген. Одан бөлек, халықты жер телімдері, шағын несие беру, денсаулық сақтау мен білім беру жағы да өңірлердегі халықты қатты қызықтыратынын айтты. Сондай-ақ  әлеуметтік көмек бойынша кәсіпкерлердің белсенділігін ерекше атап өтті.

«Алматы облысына барған сапарымызда «Ақ терек» шаруа қожалығының иесі Темірлан Шайнүсіпов деген азаматтың  өз ауылын жұмыспен қамтып отырғанын білдік және ол балабақша, спорт алаңын, сауда орталығын салған. Ең қызығы, Темірлан 2008 жылдан бері көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар үшін 105 пәтер тұрғызып берген», - дейді Вице-премьер.

Өзгелердің жаңалығы