«Отанға қызмет етуге арналған ғұмыр» тақырыбында ерлік сабағы өтті

Бүгiн, 09:29
217
Бөлісу:
«Отанға қызмет етуге арналған ғұмыр» тақырыбында ерлік сабағы өтті

ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаровты еске алуға арналған ерлік сабағы өтті.

Оған Қорғаныс министрінің кеңесшісі Альбина Махамбетова, «Генералдар кеңесі» РҚБ мүшелері, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.

Іс-шара «Жас сарбаз» студиясы балаларының орындауындағы Мемлекеттік әнұранмен басталды.

– Өмір жолы өнегеге толы, ал қызметте әділдікті ту еткен, өз ұстанымдарына адал бола білген Рүстем сынды өз ұлтының аяулы перзенттерінің есімін өшірмей, еске алып дәріптеу құптарлық іс. Жас ұрпақтың бойындағы Отанға деген махаббат, ел-жұрт алдындағы жауапкершілік сынды қасиеттерді қалыптастыруда мұндай іс-шаралардың маңызы өте зор. Осындай жиындарда кезінде көзін көріп, қызметте үзеңгілес болған тұлғалар туралы тарқатып әңгіме өрбітіп, жастарға тәрбие беру біздің міндет, – дейді Қазақстан Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков.

Рүстем Қайдаров – саналы ғұмырында Қазақстан Республикасының Ішкі істер саласында қалтқысыз қызмет еткен аяулы азамат. Ол зейнет жасына шыққаннан кейін «Генералдар кеңесінің» негізін салып, сонда ұзақ жылдар бойы төрағалық етеді. Ғұмырының соңғы сәтіне дейін аттан түспей еліне қызмет еткен азаматтың еңбегі еленіп, «Парасат», «Құрмет», «Достастық жұлдызы» сынды ордендердің иегері атанған.

Ерлік сабағында Рүстем Қайдаров туралы естеліктер айтылып, тағдыр жолы туралы тағылымды әңгіме айтылды.

Іс-шара соңында Ұлттық әскери-патриоттық орталығы орталық ансамблінің әртістері мен «Жас сарбаз» шығармашылық балалар студиясының өнерпаздары өнер көрсетті.

Өзгелердің жаңалығы