Отандық тұқым шаруашылығына былтыр 1 триллион теңге бөлінді: Нәтиже қандай?

Былтыр көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін науқандарына 1 трлн теңге көлемінде жеңілдетілген қаржы қарастырылды.

 canva.com 19 Ақпан 2026, 15:49
19 Ақпан 2026, 15:49
588
Фото: canva.com

Өткен жылы агроөнеркәсіп саласын қолдау бағытында ауқымды қаржылық шешім қабылданып, көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін науқандарына 1 триллион теңге көлемінде жеңілдетілген қаржы қарастырылды. Бұл – ауыл шаруашылығы үшін бұрынғы жылдармен салыстырғанда бірнеше есе жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мұндай қолдау ең алдымен тұқым шаруашылығын дамытуға, сапалы егіс материалдарының үлесін арттыруға және шаруалардың қаржылық мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. 

Иә, соңғы жылдары шаруалар өнімділігі жоғары сұрыптарға көбірек мән бере бастады. Алайда бұған дейін айналым қаражатының тапшылығы сапалы тұқым сатып алуға кедергі келтіріп келгені жасырын емес, - дейді министрлік хабарламасында.

Министрліктің мәліметінше, жеңілдетілген несие көлемінің артуы осы түйткілді мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде шаруашылықтар қажетті тұқымды уақытылы алып, агротехникалық талаптарды сақтай отырып, егіс жұмыстарын толық көлемде жүргізе алды.

Қаржының тиімді пайдаланылғанын оның қайтарым деңгейі де дәлелдейді. Берілген қаражаттың 99 пайызы мемлекетке қайта оралған. Бұл аграрлық сектордағы тәртіп пен жауапкершіліктің артқанын, сондай-ақ қолдаудың нақты нәтижеге бағытталғанын көрсетеді.

Егіс құрылымында да өзгеріс байқалды. Шаруалар табыстылығы жоғары майлы және бұршақ тұқымдас дақылдарға көбірек көңіл бөле бастады. 

Өткен маусымда 4 миллион гектар жерге майлы дақылдар, ал 780 мың гектар алқапқа бұршақ тұқымдастар егілді. Мұндай бетбұрыс ішкі және сыртқы нарықтағы сұраныспен байланысты. Сонымен қатар, бұл үрдіс сапалы, бейімделген тұқым түрлеріне деген қажеттілікті күшейтті, - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Сонымен қатар, субсидиялау тетіктері жергілікті селекциялық орталықтар мен тұқым шаруашылықтарының дамуына серпін беріп отыр. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықтағы сапалы өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Еске салсақ, Қазақстан 2026 жылы номиналды ЖІӨ көлемі $320 млрд-қа жетіп, әлемнің ең ірі 50 экономикасының қатарына кірді.

Наверх