Отандық өндірушілерге 240 млн теңге көлеміндегі шығындар өтелді

12 Қазан 2022, 20:55
1359
Бөлісу:
Отандық өндірушілерге 240 млн теңге көлеміндегі шығындар өтелді

2022 жылдың қаңтар айынан бастап «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ еңбек өнімділігін арттыру бойынша мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру шеңберінде шығындардың бір бөлігін өтеуге 337 өтінім келіп түскен, деп хабарлайды  BAQ.KZ.

Өтінімдерді қарау барысында 41 өтінім бойынша шығындарды өтеу туралы шешім қабылданды.

Өтелген қаражаттың жалпы сомасы 240 миллион теңгені құрады. Қаражаттың ең көп үлесі машина жасау саласындағы өтінімдерге  тиесілі болып, бұл бағытта 15 өтінім мақұлданды. Сондай-ақ, металлургия және металл өңдеу, АӨК, ағаш өңдеу, фармацевтика өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру салаларының кәсіпорындарының шығындары да өтелді.

Мүдделі тұлғаларға кеңес беру мақсатында жұмсалған соманың бір бөлігін өтеу шарттары мен механизмдерін түсіндіру бойынша бірқатар іс-шаралар өткізілді. Еліміздің 10 өңірінің кәсіпорындары үшін «Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары» тақырыбында семинарлар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ «KazakhExport» ЭСК» АҚ және Astana Hub  бірлесіп еліміздің 12 өңірінің өнеркәсіп кәсіпорындары үшін 23 онлайн-вебинар өткізді, - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындардың бір бөлігін өтеу келесідей төрт бағыт бойынша жүргізіледі: қызметкерлердің құзыретін арттыруға жұмсалған шығындарды өтеу; технологиялық процестерді жетілдіруге жұмсалған шығындарды өтеу; өндірісті ұйымдастырудың тиімділігін арттыруға жұмсалған шығындарды өтеу және цифрлық технологияларды енгізуге жұмсалған шығындарды өтеу.

Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындардың бір бөлігін өтеуге арналған ережелер мен талаптар qazindustry.gov.kz сайтында орналасқан. Өтінімдер жыл бойы қабылданады.

Өзгелердің жаңалығы