Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Премьер-министрге жолдаған сауалында фермерлердің мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол өз сауалын қазақстандық фермерлерді астық пен сүт өнімдерін жеткізуші шетелдік компаниялардың тарапынан болып жатқан заңсыз импорт пен демпингтен қорғау қажеттілігімен байланыстырды.
2022 жылы Ресейдегі астық өнімі рекордтық 153 млн тонна болды. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Ресей Федерациясының қорында былтырғы жағдайға қарағанда 44 пайыз көп. Контрабанда көп жағдайда ешқандай есебі жүрмейтін құжаты жоқ автокөлікпен тасымалданған. Астық автокөлікпен әкелуге салынған кешегі тыйым - өте кеш қабылданған шешім. Себебі елге заңсыз келіп үлгерген астық көлемі 2 млн тоннадан көп, - деп айтты Қожаназаров.
Оның елімізге тиген салдары 63 млрд теңгеден асады. Бұл тек қосымша құн салығы мен «Қазақстан темір жолының» тарифі.
Ал фермерлердің шығынын есептеген адам бар ма? 2 млн қазақстандықты жұмыспен қамтып отырған сала мемлекет органдардың әрекетсіздігі салдарынан өткен 6 айдың ішінде 200 млрд теңгеден астам артық табысынан қағылған. Осының салдарынан астық өндірушілер шығынға ұшырап жатыр, - деп түсіндірді ол.
Сөзінше, бұл жағдай дәл егіс қарсаңында болып отыр.
Қазақстандық сүт өндірушілердің де жағдайы мәз емес. Өзге нарықтың болмауынан ресейлік жеткізушілер Қазақстанның сауда желілері сөрелерін өз өнімдерімен толтырып, ал отандық өндірушілер «жетімнің күйін» кешіп жүр. Сүт – тез бұзылатын тауар. Сондықтан ол мәселенің тез шешілуін қажет етеді, - дейді депутат.
Respublica партиясының фракциясы астық нарығында «Алашанькоу» арқылы астық пен ұн тасымалдау кезінде туындайтын барлық кедергін жою қажет деп есептейді.
Ол үшін Үкімет пен ҚХР келіссөздер жүргізуі қажет. Астық пен ұнды өткізу нарығын Таяу Шығыс пен Иран мемлекетіне қарай кеңейту керек. Мемлекеттік қорға кем дегенде 1 млн тоннадан кем болмайтын көлемде астық сатып алу қажет, - деп ұсынды Айдарбек Қожаназаров.