СІМ қызметкерлері үшін отандық киім компанияларының тізімін жасамақ

11 Ақпан 2019, 17:19
2361
Бөлісу:
СІМ қызметкерлері үшін отандық киім компанияларының тізімін жасамақ

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Сыртқы саясат ведомствосының қызметкерлеріне арналған арнайы тізім әзірленіп жатыр. Бұл туралы бүгін апта сайынғы брифинг барысында СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

СІМ қызметкерлері үшін арнайы отандық киім компанияларының тізімі жасалып жатыр.

«Біз қазір қызметкерлеріміз отандық қандай компанияның киімдерін кие алады деген арнайы тізім жасап жатырмыз. Сол тізімге қарай СІМ қызметкерлері өздеріне киім ала алады. Тек бұл - оларды дәл сол компанияның киімін ал деп мәжбүрлеу емес. Тек – ұсыныс. Жақында сіздер 2015 жылы Бейбіт Атамқұлов түскен видеороликті көрген боларсыздар. Ол 4 жыл бұрын түсірілген видео. Отандық компанияның өнімін киіп көрген болатын», - деді Айбек Смадияров.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі өзінің де отандық компанияның костюмын сатып алғанын айтты.

«Мен кеше өзім «Алтын адам» компаниясына бардым. Костюм сатып алдым. Қазір оларда маусымдық жеңілдік болып жатыр екен. Соған қарай мен жеңілдікпен 85 мың теңгеге сатып алдым. Ол жерде бағалар 20 мың теңгеден басталып, 120-140 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Сапасы өте жақсы. Шетелден келген тауардың жолы тағы басқа шығындары бар. Бізге келгенше қымбаттайды», - деп бөлісті ресми өкіл.

Айбек Смадияров келесі брифингке жаңа сатып алған костюмын киіп келуге уәде берді.

Рахиля Бекназарқызы
Өзгелердің жаңалығы