Еліміздегі кәсіпорындар QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы ұсынатын мемлекеттік қолдау шаралары арқылы еңбек өнімділігін арттырып, өндірістік көрсеткіштерін жақсартып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осындай мемлекеттік қолдау тетігін ұтымды пайдаланған кәсіпорындардың қатарында Ақмола облысындағы «Макинск жылу оқшаулау зауыты» ЖШС бар. Аталған кәсіпорын базальт талшықтарының негізінде жасалатын жылу оқшаулағыш минералды мақта плиталарын шығарумен айналысады. Бұл өнімдер итальялық Gamma Meccanica S.p.А жабдығы арқылы дайындалады.
Макинскідегі кәсіпорын Қазақстан мен Орта Азияда базальт талшықтарынан жылу оқшаулағыш материалдарын шығаратын ірі өндіруші саналады. Зауыт жылына 34 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Базальт жанартау тау жынысына жататынын ескерсек, одан жасалатын минералды мақта мың градустық температураға шыдас беріп, балқымайтын қасиетке ие. Бұл ретте минералды мақта азаматтық және өнеркәсіптік құрылыста қолданылатынын айта кетейік.
Мемлекеттік қолдау арқылы зауыттың 3 қызметкері SiTraining компаниясында біліктіліктерін шыңдап, SIMATIC Step 7 бағдарламалау дағдыларын меңгеріп қайтты. Бұған қоса Siemens жабдықтарымен жұмыс істеуді үйреніп, технологиялық режімдегі ақауларды жедел реттеуді дағдыларын жетілдірді.
Осы орайда қызметкерлердің біліктілігін арттыру өндіріс процесін айтарлықтай жақсартуға септігін тигізгенін атап өткен орынды. Айталық, өндірісте туындайтын ақаулар уақтылы жойылып, автоматты қондырғылардың тоқтап қалу фактілері 25%-ға азайды. Сонымен қатар өндіріс қуаты тәуліктік 45 тоннадан 50 тоннаға дейін артты.
Бұл тұста Qazindustry мемлекеттік қолдау шараларының үш түрін көрсетіп келе жатқанын атап өткен жөн. Нақты айтқанда, өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыруға жұмсалатын шығындарының бір бөлігі мен отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілету бойынша өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу, сондай-ақ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметін жеңілдету.
Мемлекеттік қолдау түрлерімен мұқият танысып, оған қол жеткізу жолдарын Qazindustry сайтынан білуге болады.
2023 жылдың басынан бастап қазақстандық кәсіпорындардан еңбек өнімділігін арттыру мен отандық тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілету шығындарын өтеуге байланысты 46 өтініш келіп түскен.