Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Білім және ғылым министрлігінің жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, PhD Жабагин Мақсат президенттің бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауына қатысты пікірін білдірді.
"Бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы ғылымдағы жағдайды назардан тыс қалдырмады және аса маңызды мәселенің басын көтерді. Ғылымға бөлінген қаражат қаншалықты ұтымды және тиімді пайдаланылады? Қазақстанда ғылым қаншалықты жақсы?", - деп бастады сөзін Жабагин Мақсат.
Оның айтуынша, мәселен, ҚР БҒМ 2015-2017 жылдары өткен гранттарыдың нәтижесіне қарайтын болсақ, бір ғылыми мақаланың құны 100 млн теңгені құрады, яғни орташа есеппен бюджеттен қаржыландырылған барлық жобалардың арасынан тек әрбір үшінші жоба ғана жоғары сапалы халықаралық журналдарда бір мақала жариялады. Бұл дамушы елдерге қарағанда орташа есеппен 20 есе қымбат.
"Немесе, есіңізде болар, жалпы құны 20 миллиард теңгені құрайтын, бірақ нәтижесінде коммерциялық кірісі тек 400 миллион теңге жинаған Ғылым қорының проектілері. Сол коммерциялық жобалардың аясында құрылған компаниялардың қаншасы әрі қарай өз бетімен нарықта қалады? Ғылым қорының жүргізген жұмыстары бүгін көптеген сұрақтар туғыздырып отыр, орын алған коррупция мәселесі бар. Сондықтан оның мақсаты мен жұмысын қайта қарау қажет", - деді ол.
Сондай-ақ, Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы президент ұлттың прогресін қамтамасыз ету үшін ғылымды дамыту керек екендігін дәл атап өткеніне тоқталды.
"Бірақ, өкінішке орай, қазір ұлттың прогресі емес, ұлттың регрессиясын тоқтату ең өзекті мәселе болып отыр, сондықтан мемлекеттің басты мақсаты – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Дегенмен президенттің оның алдында айтып кеткен білім мен ғылымды қаржыландыруды ЖҰӨ-ден 5%-ға дейін ұлғайту туралы нұсқауы жаңа 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында шешімін таппаған мәселелердің көбі шешіліп, отандық ғылымның инновациялық сапасы жоғарылайтынына сенімділік береді", - деп сөзін түйді Жабагин Мақсат.