Отандық ғалымдар «500 ғалым» бағдарламасымен Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өте алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетінің (Seoultech) президенті Дон Хван Ким «500 ғалым» бағдарламасы аясында ынтымақтастықты кеңейтуге келісті.
Жақында болған екі елдің өкілдерінің кездесуінде тараптар еліміздегі жоғары білім және ғылым саласында болып жатқан оң өзгерістерді талқылады.
Атап айтқанда, министр Саясат Нұрбек Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының сәтті ашылып жатқаны, Қазақстанды Орталық Азиядағы академиялық хаб ретінде дамыту бойынша жүргізіліп жатқан саясат туралы хабардар етті.
Өз кезегінде университет президенті Дон Хван Ким Seoultech-ті әлемнің үздік университеттерінің тізіміне енгізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда Seoultech филиалын ашудың артықшылықтарына назар аударды.
Мәселен, еліміздің стратегиялық жағдайы, елдер арасындағы түрлі саладағы бірқатар ұзақмерзімді әріптестік, корей жоғары оқу орындарының басқа да филиалдарын ашу тәжірибесі, пайдалы қазбалар мен биотехнология, ғарыш саласында бірлескен зерттеулер жүргізу мүмкіндігі, олар бойынша еліміздің жинақталған базасы және табиғи минералдар мен жер қойнауының үлкен қоры бар.
Министрдің пікірінше, мұның бәрі өзекті бірлескен зерттеулер жүргізуге ғана емес, сонымен қатар әлемдік ғылым мен білімнің дамуына елеулі үлес қосуға көмектеседі.
Сондай-ақ тараптар «Болашақ» халықаралық стипендиясы мен «500 ғалым» ғылыми тағылымдамадан өту бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Тараптар бірлескен жұмысты қос дипломдық бағдарламадан бастауға келісті.