Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан дәріханашылары бастамашыл тобының жетекшісі Талғат Омаров бұл бизнеске жасалған қысым екенін айтады.
2021 жылдың 21 қаңтарынан бастап антиковидті дәрі-дәрмектердің шекті бағасы бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің актісі күшіне енеді. Кейбір фармацевттер бірқатар дәрі-дәрмектер дефицитке ұшырайды деп болжап отыр.
Түйткілді мәселені талқылау үшін бүгін елордада Қазақстан дәріханашыларының бастамашыл тобы «Фармацевтикалық бизнесте қиындықтар жасанды түрде құрыла ма?» тақырыбы аясында мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді.
Қазақстан дәріханашылары бастамашыл тобының жетекшісі Талғат Омаров отандық фарм-бизнес қиын кезең алдында тұрғанын айтады.
Бірер күнде Денсаулық сақтау министрлігінің актісі заңдық күшіне енеді. Ертеңнен бастап бірқатар дәрілік заттардың бағасы бірнеше есеге төмендейді. Бұл халық үшін тиімді болғанымен, дәрі сатушылар зардап шегеді, қарызға кіреді. Сондықтан, олар дәрілерді сатылымнан алып тастайды, тиісінше, дәрі дефициті орын алады, - дейді ол.
Бастамашыл тобының жетекшісі қандай дәрілердің алынып тасталатынынан мысал келтірді.
Мысалы, қарапайым ғана «Сумамедті» алайық, оның негізгі белсенді ингредиенті «Азитромицин». Оның 750 теңгеден бастап 5-6 мың теңгеге дейін жететін аналогтары бар. Мысалы, біз көтерме сауда компаниясынан 5000 теңгенің препаратын 4600 теңгеге сатып аламыз, оның қазіргі шекті бағасын 3641 теңгеге бекітті. Мұндай жағдайда 1000 теңге айырмашылық бар, тиісінше мен бұл дәріні сатпаймын. Егер дәл осылай Қазақстанның бүкіл дәріханалары сатпайтын болса, халыққа дәрі-дәрмектің жетпей қалу қаупі бар. Бір дәріхана қоймасында әр дәрі аталымы кемінде бес данадан бар деп алсақ, онда бір дәріхана кемінде миллион теңгеге минусқа шығады. Біз үстінен пайда көрмейміз. Оның үстіне егер төлем карта арқылы жасалса, банк бізден тағы 2,5-3%-н ұстап қалады. Неге банкпен байланысты осы мәселе реттелмейді, ал біздегі баға реттелуі керек? Бұл мәселе қазір 200-ден астам дәрі аталымына қатысты болып отыр, - дейді ол.
Талғат Омаров бүгінгі шараның аталмыш бұйрық заңдық күшін жойса деген талаппен ұйымдастырылғанын жеткізді.
Тек біз ғана емес, кеше түрлі қауымдастықтар, көтерме сауда компанияларының өкілдері ZOOM-конференция өткізді. Онда министрлік өкілдері де болды. Бірақ, ешқандай шешімге келе алмады. Біздің негізгі наразылығымыз – дәріні сатпай қою. Егер қандай да бір сырт ел экономикалық блокада қойса, түсінуге болады, ал өзіміздің билік осындай шектеу қойып, одан біз қысым көрсек, бұл үлкен мәселе, бизнеске жасалған қысым. Себебі, мұндай шешім қабылдарда біздің пікіріміз сұралмады, тіпті қауымдастықтар да хабарсыз. Бұл сұрақты шешу үшін ең алдымен, бірқатар министрліктер мен мекеме өкілдерінен және дәріхана басшылары шақырылған комиссия құрылуы керек. Оған дейін бұйрықты шектеу қажет, - дейді ол.