Астана, BAQ.KZ. Елге оралған және шетелде тұратын қандастарға қолдау көрсету мақсатында «Отандастар» Қоры әрбір өңірмен тығыз байланыс орнатпақ.
Күні кеше Қордың Инновациялық жобалар Департаментінің басқарушы директоры Данияр Байғараев бастаған делегация жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барып қайтты. Департамент басшысы өз сөзінде отандастармен жүргізілетін жұмыстың жүйелілігі үшін арнайы жол карталарын пысықтау қолға алынғандығы туралы айтып өтті.
«Қор қызметінің негізгі бағыттары мәдени-гуманитарлық, саяси және әлеуметтік қызмет салалары. Сондай-ақ, отандастардың бизнес бастамаларын қолдау санатындағы жұмыс та қызметіміздің маңызды аспектісі саналады. Осы бағыттар бойынша жұмысымыз нәтижелі жүруі үшін Қор басшылығы әр өңірмен тығыз байланыс орнатуды міндеттеп отыр. Соның нәтижесінде аймақтармен жұмысымыздың арнайы жоспарын жасаймыз», - деді Данияр Байғараев.
Қор өкілдерінің Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында бірқатар кездесулер өтті. Делегация "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры филиалының, "ҚазАгро" АҚ-ның еншілес ұйымдары филиалдарының, сондай-ақ бизнес бастамаларға қолдау көрсететін басқа да мекемелердің басшылығымен жүздесті. Сондай-ақ, Қор өкілдері Ақтөбе индустриалды аймағының жұмысымен танысып қайтты. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшылығымен өткен кездесу отандастардың кәсіп ашуына жеңілдіктер қарастыру тақырыбына арналды.
Бұдан бөлек, Қор делегациясы репатрианттарды уақытша орналастыру орталығы мен оларға көмек көрсету орталығындағы әлеуметтік қызметкерлердің жұмысымен танысты.
Сонымен қатар, Мәдениет және спорт, ішкі саясат басқармаларының басшылықтарымен де жоспарлы кездесулер өтіп, онда Ақтөбе облысымен ынтымақтастықтың Жол картасын жүзеге асыру аясында бірлескен іс-шаралар өткізу мәселелері қаралды.