Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Футболдан Қазақстан құрамасы 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында өз алаңында Кипр құрамасынан жеңілді.
Ұлттық құрама жейдесін киюге өзі лайықты футболшылардың саны көп емес. Соның өзінде біразының бітпейтін проблемасы бар. Қорғаушы Юрий Логвиненко осы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі басталғалы Ресейге қарсы жарты тайм өткізді. Одан бері құраманың ойындары кезінде жарақаттан көз ашпайды. Голландия чемпионатында доп тебетін Александр Меркельдің жағдайы тіптен түсініксіз. Федерация құжаты дұрыс емес дейді. Осы уақытқа дейін шешілмейтін ол не қылған мәселе? Ресейде чемпионатында Бактиер Зайнутдинов ұлттық құрама жиынына келді, бірақ алаңға шыққан жоқ. Дәл қазір допты түзу тебе алатындар осы футболшылар еді. Олардың өзі әртүрлі себеппен көмектесе алмай жүр.
Өзгелерінің бітіргендері шамалы. Қосылғыштардың орны ауысқанымен, қорытынды өзгермейді. Тағы да ұтылдық. Сол баяғы бітпейтін соңғы минуттар синдромы. Стадионға жиналған жанкүйерлерден ұят. Бірақ жеңілдік, жер болдық-ау деп жатқан бапкерді немесе футболшыны байқамадық.
Еуропаға кетті, Бельгияда доп теуіп жүр деген Ян Вороговский құрама сапында ең нашар ойын көрсеткендердің бірі. Исламбек Қуат екеуі есепті еселейтін мүмкіндіктерді жіберіп алды.
Енді, 3 күннен кейін Бельгия келеді. Сан-Мариноны аямаған Лукаку мен Азарлар біздің қақпаға қанша гол соғар екен?
Қазақстан - Кипр - 1:2
Голдар: Темірлан Ерланов, 34 (1:0). Пиерос Сотириу, 73 (1:1). Николас Янну, 84 (1:2).
Қазақстан: Дмитрий Непогодов, Гафуржан Сүйімбаев, Темірлан Ерланов, Сергей Малый, Александр Марочкин, Ян Вороговский, Исламбек Қуат (Асхат Тағыберген, 90), Юрий Перцух, Айбол Әбікен (Максим Федин, 80), Бауыржан Исламхан, Тоқтар Жаңғылышбай (Сергей Хижниченко, 61);
Кипр: Костас Панайи, Николас Янну, Костас Лаифис, Гиоргос Меркис (Матья Шполярич, 61), Костас Мидиккис (Такис Захариу, 46) Яннис Кости, Хамбос Кириаку, Костакис Артиматас, Яннис Кусулос,Фотис Папулис;
Бас төреші: Крейг Поусон (Англия).
"Астана-Арена", Нұр-Сұлтан. 11 769 көрермен.