Алдағы қыста Қарағанды жолдарын тазартуға 350-ден астам арнайы техника жұмылдырылады. Жолға құм-тұз қоспасын себуге арналған, қар тазалайтын техника дайын. Жұмыстар екі ауысымда, ал қалың қар жауған жағдайда тәулік бойы жүргізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қарағанды облысы әкімдігінің хабарлауынша, қалалық әкімдікте қыс мезгіліне дайындық жайы айтылды.
130-дан астам арнайы техника Әлихан Бөкейхан атындағы ауданның жолдарында жұмыс істеуі тиіс. Мұнда әкімдік бірден жеті жаңа көлік сатып алды: екі трактор, екі автогрейдер, екі Камаз және МДК жол машинасы. 100-ден астам жұмысшы екі ауысымда жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, аудан әкімдігі жолдар мен тротуарларға себілетін 10 мың тонна құм-тұз қоспасын сатып алды, - делінген хабарламада.
Қазыбек би атындағы ауданда 220 бірлік техника мен 190 жұмысшы даярланды. Олар да екі ауысымда жұмыс істейтін болады. Көктайғақтан қорғау үшін жергілікті әкімдік 15 мың тонна құм-тұз қоспасын сатып алды.