Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осы айда 40 мыңнан астам медицина қызметкері 10,1 млрд теңге көлемінде үстемақы алады. Бұл туралы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифинг барысында айтты.
Қазақстанда COVID-19 және вирустық пневмониямен күресте эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерін ынталандыру мен көтермелеу үшін жалақыға үстемақылар көзделген. Бұл жәрдемақыларды ай сайын әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді. Қор медицина қызметкерлердің алдындағы міндетті толық әрі уақытылы орындайды. Мәселен, биылғы наурыз-тамыз айларында 75,7 млрд теңге шамасында үстемақы төленді. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша 40 мыңнан астам медицина қызметкері 10,1 млрд теңге көлемінде үстемақы алады, - деді ол.
Ол атап өткендей, қазіргі уақытта үстемақы алушылардың тізімін қалыптастыру бойынша өңірлік комиссиялар жұмыс істеп жатыр.
Тізімдер ұсынылған соң, қор ай сайынғы қосымша ақыларды төлеуге кіріседі. Бұл жұмысты 15-не дейін аяқтауды көздеп отырмыз. Айта кетейік, эпидемиямен күреске тартылған медицина қызметкерлерінің саны жағдайға байланысты ай сайын өзгеріп отырады. Мысалы, наурыз айында коронавируспен күресуге 19 мың медицина қызметкер тартылса, шілдеде олардың саны 79 мыңға жетті, - деді ол.
Төкежанов ай сайынғы статистиканы алға тартты.
Сәуір айында 42 926 медицина қызметкері 7,6 млрд теңге, мамырда 40 мыңнан астам қызметкер 8,7 млрд теңге, маусымда 53 мыңнан астам қызметкер 12,3 млрд теңге, шілде айында 79 мыңға жуық қызметкер 12,3 млрд теңге, тамызда 66 мыңға жуық қызметкер 16,8 млрд теңге алды, - деді ол.