Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов онлайн-брифинг барысында аймақтың дәріханаларын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медициналық ұйымдарды коронавируспен күреске жұмылдыру туралы айтты.
Оның айтуынша, дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қосымша қоры қалыптасып жатыр. Жыл басынан бері медициналық ұйымдар 23 түрлі антибиотиктің 700 мыңнан астам данасын қабылдаған. Оның арасында Лапинавир, Ритонавир, Гидроксихлорафин секілді вирусқа қарсы препараттар бар. Қазіргі кезде дәріханаларды дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.
Қостанай облысында 618 фармацевтикалық мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде 281 дәріхана, 55 медициналық жабдықтар мен тауарлар қоймасы, 23 дәріхана қоймасы бар. 6 шілдеде облыстық әкімдік, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасы, көтерме фирмалар және облыстағы ірі дәріханалар арасында халықты жедел дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша меморандумға қол қойылды.
Енді әлеуметтік маңызы бар дәрілердің 42 түрі жеткізіледі. Адамдардың негізсіз дүрлігуін болдырмау үшін бір адамға сатылатын дәрі-дәрмектің санына шектеу енгізілді. Дәріханада дененің қызуын түсіретін парацетамолды алмастыратын 19 түрлі антипиретикалық препарат бар. Сондай-ақ 11 түрлі вирусқа қарсы препарат, 47 антибиотик, 28 аскорбин қышқылы бар. Дәріханаларда дәрі-дәрмектің бағасын көтермеу үшін бақылау жасалады, - деді Архимед Мұхамбетов.
Оның айтуынша, облыста 210 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Соның ішінде екеуі орталық ауруханада. Шілдеде тағы қосымша 47 жаңа заманауи қондырғы жеткізіледі деп күтілуде. Облыстың денсаулық сақтау ұйымдарының базасында 8 КТ аппараты бар (бесеуі - мемлекеттік мекемеде, үшеуі жеке медициналық ұйымдарда). 505 науқас тексерістен өткен.
Қазір облыстағы жұқпалы аурулар ауруханасында 527 медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде 117 дәрігер, 204 орта медициналық қызметкер және 206 кіші персонал бар.
3483 медицина қызметкеріне 115,7 млн теңге көлемінде сыйақы түсті. Келесі аптаның соңында барлық медицина қызметкерлерін коронавирустық пандемия жағдайында жұқпалы науқастарды емдеу кезінде қолданылатын әдіс-тәсілдерді үйрететін курс аяқталады, - деп түйіндеді әкім.