Астана, BAQ.KZ. Қостанай құтқарушылары жолда қалып қойған бірнеше көлікті алып шықты. Бұл туралы "ҚР ІІМ ТЖК Солтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы" ММ баспасөз қызметі хабарлады.
4-5 наурыз күндері Солтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Арқалық-Қайынды және Арқалық – Аңсарлы жолдарында апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізді.
Арқалық – Қайыңды тас жолының 50 шақырымында қалың қар қоршауында ішінде тоғыз адамы бар, 4 жеңіл автокөлік қалып қойғандығы жөнінде хабарлама келіп түскен. Бес адам құрамындағы құтқарушылар өтімділігі жоғары ГТ-ТБ арнайы техникасымен және УАЗ автокөлігімен тиісті орынға шықты. Арнайы көліктің көмегімен автокөлік ашық жолға сүйретіп шығарылып, Арқалық қаласына дейін жеткізілді.
Сондай-ақ, Арқалық-Аңғарлы тасжолының 30 шақырымында, қалың қар қоршауында қалған Нива автокөлігі де құтқарушылар көмегіне жүгінді. Құтқарушылар, өтімділігі жоғары тягач пен УАЗ автокөлігін қолданып, оқшауланып қалған көлік құралынан 2 адамды ойдағыдай эвакуациялады. Олар Арқалық қаласына жеткізілді.
Солтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағының құтқарушылары қолайсыз ауа-райы кезінде алыс жолға шығудан бас тартуды ескертеді.