Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай облысында екі адам қаза тапты. Шетелдік нөмірлі көліктің қатысуымен болған жол көлік оқиғасының фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлады Polisia.kz сайты.
4 мамыр күні Honda жеңіл автокөлігі Қостанай облысы арқылы Ақтөбе қаласына жол тартады. Көлік тізгінінде 29 жастағы Атырау қаласының тұрғыны болған.
Қостанай - Қарабұтақ бағытындағы 334 шақырымдық автожолда жүргізуші көлік тізгінін басқара алмай, жолда жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан Камазмен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Honda жүргізушісі мен жолаушысы қаза тапқан.
Тағы бір 29 жасар жеңіл автокөліктің жолаушысы аудандық ауруханаға жатқызылды. Сонымен қатар, жол кәсіпорнының екі қызметкері зардап шекті. Олар да ауруханаға жатқызылды. Камаз жүргізушісі зардап шеккен жоқ.