Астана, BAQ.KZ. Қостанай облысында сапасыз тағам өнімінің үлесі өткен жылға қарағанда екі есе артқан. Адам денсаулығына зиянды азық-түлік жергілікті тауар өндірушілерді тексеру барысында тіркелген. Мәселен, жартылай дайын фабрикаттардың құрамындағы ет өнімдерінің 11%-і талапқа сай болмай шықты. Бұл туралы 24kz сайты хабарлайды.
Жеті кондитерлік цехтың шығарған өнімдерінде қауіпті заттар табылған. Торт және тәтті тоқаштарда ішек таяқшасы топтарының бактериялары болған. Кейбірінде тағамның өндірілген күні мен сақтау мерзімі көрсетілмеген. Дәмхана мен мейрамханалардағы дайын астың және аспаздық тағамдардың сапасы да айтарлықтай нашарлаған.
«Тамақтану орындарында қауіпсіз микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес емес өнімдердің үлес салмағы 12 проценттен асады. Сапасыз өнімдер Қостанай, Лисаков, Рудный қалаларындағы ірі дәмхана мен мейрамханаларында сатылды. Осы күнге дейін тамақ сататын нысандардың иелеріне 8 миллион 300 мың теңгеге айыппұл салдық», - дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Наталья Гаценбелллер.