Қостанай облысында көлік қалай құрастырылады

1 Наурыз 2020, 14:38
1138
Бөлісу:
Қостанай облысында көлік қалай құрастырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Қостанай облысында 50 мың автокөлік нарыққа шығарылмақ. Мамандар мұны отандық өнімге деген сұраныстың артқаны деп отыр. "ҚазАқпарат" тілшісі жергілікті автозауытқа барып, көлік шығару ісімен етене танысып қайқан болатын.

Қазақстанның автомобиль өнеркәсібінің тарихы жол талғамайтын "Нива" жеңіл көлік құрастырудан бастау алған. Мұнан кейін елімізде "СарыарқаАвтоПром", "СемАЗ", "КАМАЗ-Инжиниринг", "Hyundai Trans Auto", "Daewoo Bus Kazakhstan" секілді автокөлік құрастыру кәсіпорындары сапқа қосылды. Осы кәсіпорындар жұмысының нәтижесінде елімізде автоөнеркәсіп саласы пайда болды. Жылдан жылға жетіліп, қарқынды дамып келе жатқан Қостанай облысы көлік шығарудың заманауи тетіктеріне көшкен. Жаңа индустрияландырудың бірінші бес жылдығының қорытындысында автомобиль өндірісі өңдеу өнеркәсібіндегі ең қарқынды дамушы сала ретінде танытты. "СарыарқаАвтоПром" зауыты әлемдік бренд саналатын көліктердің 10 шақты түрін құрастырады.

Қайнаған қызу тірліктің ортасында дәнекерлеу мен сырлау цехының тобы жүреді. Зауыт директоры Сырым Семейбаевтың сөзінше, зауыт алғашқы ашылғанда тек дайын бөлшектер құрастырылатын. Қазір өнімнің отандық үлесі артқан.
Өндіріс ауқымы да еселеп өсіп келеді. Былтыр 25 мың көлік құрастырса, биыл желіден шығатын көлік санын 50 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Өндірістің артуы тікелей сұранысқа байланысты, - деді Сырым Семейбаев.

Дәулет Нысанбаев – дәнекерлеу цехының бригадирі. Қол астында 10 жұмыскер бар.
Біз өнімнің негізгі жұмысына жауаптымыз. Автомашинаның кабинасын құрастырып, келесі цехқа дайындаймыз. Олар бояп, шанақтарын іледі, - дейді цех бригадирі.

Жалпы бір автокөлікті құрастыруға бір-екі тәулік уақыт кетеді. Мәселен, бір ғана JAC маркалы автокөлік ұсақ торап тәсілімен өндіріледі. Бұл тәсілдің өзі ішінен бірнеше бөлікке жіктеледі.
Ең әуелі кузов бөлігін өлшейміз. Кейін есігін таңдап, мөлшерін есептейміз. Мұнан соң дайын бөлшектерді дәнекерлеу жұмыстары басталады. Ұсақ-түйек жұмыс болып көрінгенімен, аса жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Сырлап, бояу жаққан соң шанақтарын біріктіріп, ірі бөлшектерін жалғаймыз. Ұсақ торапты әдіспен көлік құрау шамамен осылай жүреді. Бір тәулік ішінде 15-16 көліктің қорабын дайындаймыз, - деп түсіндірді Дәулет Нысанбаев.

Цех бригадирінің зауытта жүргеніне 6 жыл. Жұмысын дәнекерлеуші маман болып бастаған. Көрсеткіштері еленіп, цех басшылығына дейін көтерілді. Бастапқыда өзге де жергілікті мамандармен бірге Қытайдағы зауытқа барып тәжірибе жинап қайтқан. Дәулет Нысанбаевтан Қытай сапары туралы сұрадық.
Кәсібімнің негізі Қостанай облысында қаланды. Қалғаны тек тәжірибе жинау ғой. Ол жақта өзіме керектіні үйрендім. Бірақ жергілікті зауыттың дайындау жүйесі ұнайды. Жұмысқа тұрған соң кәсібіңді арттырып, шыңдалуға мүмкіндік болады. Әуелі теорияны үйренесің, тәжірибелік жұмыстар біршама уақыттан соң беріледі. Әбден меңгеріп алған соң көлік құрастыруға кірісуге болады. Қазір шетелден мамандар келіп, үйретіп датыр ғой. Олар көбіне технология процесіне аса мән береді, - деді Д.Нысанбаев жұмысы туралы.

Сонымен, Қостанай облысындағы автозауыттың бүгінгі тынысы осы. Қазір қостанайлықтар Әзербайжан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің нарығына шыққан. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде отандық автокөліктердің экспорттық әлеуеті жоғары. Ендігі меже – жыл соңына дейін 50 мың автокөлік құрастыру.


Өзгелердің жаңалығы