Өскемендік дәрігерлер жалдамалы пәтермен қамтамасыз етілмек

18 Наурыз 2019, 21:40
2233
Бөлісу:
Өскемендік дәрігерлер жалдамалы пәтермен қамтамасыз етілмек
Фото: автордан

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда Өскемен қаласында реаниматолог, педиатр, неонатолог, акушер-гинеколог пен кардиолог дәрігерлердің тапшылығы сезілуде.

Осы себепті аталған мамандарға қосымша 30 жалдамалы пәтер бөлу қарастырылуда. Бұл жөнінде ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта тар көлемдегі дәрігерлердің тапшылығы облыс орталығында ғана сезілуде. Ал мұндай мамандар тапшылығы Семей қаласында толық шешілген. Өйткені бұл қаланың емханаларын осында орналасқан медициналық университет толықтай мамандармен қамтамасыз етіп отыр. Тар көлемдегі мамандар тапшылығы облыс орталығында сезілуде. Өскемен қаласына реаниматолог, педиатр, неонатолог, акушер-гинеколог пен кардиолог дәрігерлер қажет. Осы себепті біз облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қалалық әкімдікпен бірлесе отырып, осындай мамандарды тартуға барлық шараларды ұйымдастырып жатырмыз», - деді Марат Едігеұлы.

Ол мәселені шешудегі басты тетік – мұндай мамандарды баспанамен қамтамасыз ету екендігін айтады. Осы себепті жаңадан келген тар көлемді мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Өскемен қаласында қосымша 30 жалдамалы пәтер бөлу мәселесі қарастырылуда.

«Биылғы жылы бұл мәселені оңды жағына қарай шешеміз деп ойлаймын. Жыл соңына қарай Өскеменде тар көлемдегі мамандар тапшылығы болмайды», - деп қосты Марат Шоранов.

Өзгелердің жаңалығы